Эбола мен коронавирус байланысты: Ғалымдар эболаға қарсы препараттың қытайлық індетке де әсері бар екендігін анықтады
Маймылдарға сынама жасаған зерттеушілер Эбола індетіне қарсы препарат коронавирусты жеңуі мүмкін деген тоқтамға келді, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі.
Бұл туралы британдық Daily Mail басылымы жариялады.
Коронавирусқа қарсы препарат ойлап табуды жоспарлаған ғалымдар зертханалық маймылдарға сынақ жүргізуде екен. АҚШ-тың ұлттық денсаулық сақтау институтының ғалымдары Эболаға қарсы дәрмектің қытайлық індетке деген әсерін байқап көрмекші болыпты.
Жалпы зерттеуге 18 маймыл қатыстырылыпты. Олардың барлығының денесіне қытайлық коронавирустың "туысы" болып табылатын MERS-CoV вирусы енгізілген. Зерттеудің нәтижесінде ремдесивир препараты егілмегел маймылдардың ауруға шалдыққаны байқалыпты. Олардың жүні түсіп, тәбеті нашарлаған. Ал қалғандарының жағдайы дәрінің әсерінен жақсы болғандығы анықталыпты.
Осылайша мамандар ремдесивир препаратының коронавирусқа қарсы ықпал ететін күшке ие деген болжам айтыпты. Сондай-ақ ғалымдар коронавирус пен Эбола ауруларының өзара ұқсас екендігін аңғарыпты.
"Ремдесивирді Қытайдың Ухань қаласында шыққан инфекцияға қарсы қолдануға болады", - дейді сарапшылар.
Қытайлық мамандар ремдесивирді коронавирус ауруына қарсы қолданып көріпті. Қазірдің өзінде АҚШ-та ауруға шалдыққан адамға егілген бұл препарат оның жағдайын жақсартқан көрінеді.
Бүгінгі күні қытайлық індетке шалдыққандардың саны 80 000-ға жетіп отыр. 2600-дан астам адам сырқаттың кесірінен көз жұмған. Аурудан опат болғандар Қытай бөлек, Иранда, Италияда, Оңтүстік Кореяда және т.б. мемлекеттерде тіркеліп отыр.
Атап кетерлік жайт, маймылдардың ағзасы адамдыкіне ұқсас болғандықтан олар зертханалық тәжірибелерде жиі қолданылады. Жыл сайын АҚШ пен Ұлыбиртанияның өзінде 70 000-нан астам маймыл сынаққа қатыстырылады екен.