Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Джо Байден президенттік бәсекеден кетті, Иранда журналист өлім жазасына кесілді, Париж Олимпиадасы басталды: Әлемде не болып жатыр

АҚШ-тағы президент сайлауы әлем назарында. Осы аптада Джо Байден президенттік бәсекеден кеткенін мәлімдеп, оның орнына Камала Харрис АҚШ президенттігіне үміткер болып бекітілді. Ал Израиль Йемен мен Ливанға жойқын соққы беріп, жағдайды ушықтырды. Иранда әйел құқығы үшін күресіп жүрген күрд журналисі және құқық қорғаушы Пахшан Азизи өлім жазасына кесілді. Stan.kz тілшісі осы аптадағы әлем жаңалықтарын назарларыңызға ұсынады. 

Джо Байден АҚШ президенттік сайлауына қатыспайды

Байден АҚШ президенттік сайлауына қатыспайтынын айтты. Оның айтуынша, ол бұл шешімді өз елі мен партиясының мүддесі үшін қабылдаған. Байден мерзімінің қалған бөлігінде президент ретіндегі міндеттеріне көңіл бөлуді көздеп отыр.

Ол сайлауға қатыспайтыны туралы X әлеуметтік желісіндегі парақшасында жарияланды.

"Сіздерге президент ретінде қызмет ету мен үшін үлкен мәртебе. Мен қайта сайлануға ниетті болсам да, сайлаудан бас тартып отырмын. Партиям мен елімнің мүддесі үшін тек президент ретіндегі міндеттерімді орындауға назар аударатын боламын", –деді Байден.

Республикалық партия өкілдері Байденді сайлауға қатысудан бас тартқан соң қызметінен кетуге шақырды. Ақ үй президенттің мерзімінен бұрын отставкаға кетпейтінін мәлімдеді.

Камала Харрис АҚШ президентттігіне үміткер

Фото: REUTERS

Джо Байден АҚШ вице-президенті Камала Харристі Демократиялық партиядан кандидат ретінде ұсынды.

“Президенттің қолдауына ие болғаныма қуаныштымын. Мен Демократиялық партияны және ұлтымызды біріктіру үшін, Дональд Трампты жеңу үшін қолымнан келгеннің барлығын жасаймын. Сайлауға 107 күн қалды. Біз бірге күресеміз және бірге жеңеміз”, – деді Камала Харрис.

Вице-президенттің айтуынша, Байденнің сайлаудан бас тартуы патриотизмнің үлгісі болды.

"Президент Байден Америка халқы мен еліміздің мүдделерін бірінші орынға қояды”, – деді Харрис. 

Камала Харрис АҚШ-тағы президенттік сайлауда кандидат ретінде ұсынылу үшін демократиялық партиядан жеткілікті дауыс жинады. Вице-президент 2668 делегаттың қолдауына ие болған.

АҚШ-тағы президент сайлауы 2024 жылдың 5 қарашасына белгіленген. Егер Харрис президент болып сайланса АҚШ-тағы алғашқы әйел президент және Барак Обамадан кейінгі екінші афроамерикалық президент болады.

Израиль Йеменге шабуыл жасады

Фото: bbc.com

Израиль қарулы күштері хусит қозғалысының бақылауындағы Йеменнің Ходейда портына әуе шабуылдарын жасады. Олар бұл шабуылды Тель-Авивке жасаған соққыға жауап деп түсіндірген. Израиль премьер-министрі әуе шабуылдарын шабуылға тікелей жауап деп атады.

Израиль әскері хусилердің "тоғыз ай үздіксіз әуе шабуылдарынан" кейін израильдік F-15 жойғыш ұшақтары Қызыл теңіздегі Ходейда порты маңындағы әскери нысандарға 1800 шақырымнан астам қашықтықта жаппай соққы бергенін мәлімдеген.

БАҚ-тағы ақпаратқа сүйенсек, соққыдан үш адам қаза тауып, 80-нен астам адам жараланған.

Израиль премьер-министрі Биньямин Нетаньяху не себепті дәл ося портқа шабуыл жасалғанын түсіндірді.

"Біз шабуылдаған порт әскери мақсатта қолданылған. Иран тарапынан хуситтерге жеткізілген қару-жарақтарды тасымалдау нүктесі ретінде қызмет еткен. Шабуыл Израиль азаматын өлтіріп, басқа азаматтарды жаралаған пилотсыз ұшақтың соққысына тікелей жауап болды", – деді Нетаньяху.

Бір күн бұрын хуситтер Тель-Авивке жұма күні жасалған шабуылды өз мойнындарына алған еді.

Ливанның оқ-дәрі қоймасына шабуыл

Фото: KAWNAT HAJU

Израиль әскери-әуе күштері Адлун ауылында Ливанның Хезболла тобына тиесілі оқ-дәрі қоймасына шабуыл жасап, үш адам жараланды.

Хезболла Газа секторындағы соғыста ХАМАС-ты қолдау үшін Израиль аумағына күн сайын оқ жаудыруда. Бұл шабуылдарға жауап болды дейді Израиль әскері.

Иранда журналист өлім жазасына кесілді

Фото: jinhaacency.com

Иранның Ислам революциялық соты күрд журналисті және саяси белсенді Пахшан Азизиді өлім жазасына кесті.

Журналист "бүлік шығарғаны" және "үкіметке қарсы қарулы көтеріліс жасаған топтарға мүшелік еткені" үшін кінәлі деп танылды. Сондай-ақ ол "Күрдістан еркін өмір” партиясына мүше болғаны үшін төрт жылға бас бостандығынан айырылды.

Пахшан Азизи телефон соғу және отбасымен кездесу құқығынан айырылған. Бір күн бұрын әйел ашық хат жолдап, көптеген азаптаулар мен қуғын-сүргінге ұшырағанын жазған.

Іс бойынша тыңдаулар мамыр және маусым айларында өткен. Алайда журналистің адвокатына бұл туралы тек 24 шілдеде ғана хабарланды.

Пахшан Азизи 2023 жылдың 4 тамызында Иранның барлау қызметімен қамауға алынды. Сол жылдың желтоқсан айында ол Эвин түрмесінің әйелдер бөліміне сотсыз ауыстырылды.

Пахшан Азизи адам құқықтарын қорғау қызметімен айналысып, әйелдер құқығының қалыптастыру үшін күрескен.

Пилот қана аман қалған: Непалда Saurya Air ұшағы апатқа ұшырады

Фото: independent.co.uk

Непал астанасы Катмандудағы Трибхуван халықаралық әуежайында Saurya Airlines ұшағы апатқа ұшырады. Оқиға салдарынан 18 жолаушы қаза тапты.

Ұшақта 19 адам болған. Ұшақ ұшып бара жатқанда ұшу-қону жолағынан шығып кеткені хабарланды.

Ұшақ капитаны ауруханаға жатқызылды. 

Париж Олимпиадасы басталды

Фото: Ашық дереккөзден алынды

Жұма күні кешке Францияда XXXIII Олимпиада ойындары ресми түрде ашылады. 

Олимпиадағы 206 мемлекет өз спортшыларын ұсынады. Ең үлкен командалар АҚШ (592 спортшы), Франция (573), Германия (428) және Жапонияда (403). Ең кіші командалар Лихтенштейн, Белиз, Науру және Сомали құрамалары. Бұл елдерден Францияға бір-бір спортшы ғана келді.

Олимпиаданың ашылуы Сена өзенінде өтеді. Делегациялар қайықпен ортаға шықпақ. Ойындарды ресми түрде Франция президенті Эммануэль Макрон ашады деп жоспарлануда.

Макрон өзінің отставкаға кетпейтінін мәлімдеді

Фото: Getty Images

Франция президенті Эммануэль Макрон отставкаға кетпейтінін айтты.

"Француздар маған елді басқаруды сеніп тапсырды, мен бұл жұмысты толығымен атқарамын", – деді Макрон.

Француз басшысы елде тұрақтылық орнағанын қалайтынын айтты.

Талқылау