"Дубайға әзірге көшпеймін": Айдана Меденова хиджаб киюі, жаңа пәтері, табысы туралы айтты
2023 жыл бастала сала қазақстандық шоу-бизнес өкілдері көпшілікті таңғалдырар, тәнті етер жаңалықтарын жариялауда. Оның қатарында бір емес, бірнеше жаңалығын жария еткен Айдана Меденова бар. Stan.kz тілшісі әншімен тілдесіп, Дубайдан алған үйі, хиджаб киюі, өнердегі жаңалықтары жайлы сұрады.
– Айдана ханым, орамал тағып, хиджаб киемін деген шешімге қашан келдіңіз? Басты себеп неде?
– Иә, менің өмірімдегі жаңа бетбұрыс болды. Ол жол Алланың маған берген сыйы деп білем. Шынымды айтайын, бұған дейін өз-өзіммен іштей күресіп жүрдім. Күмәнім көп еді. Бірақ Жаратқанның жәрдемімен ақиқатты таныған кезде менің санамдағы күдік өз-өзінен ғайып болды. Алладан шын ниетіммен сұрадым – ол менің жүрегіме дұрыс жауапты, дұрыс ойлар мен дұрыс мақсатты бір уақытта сыйлады.
Әрине, әдеттерім, мінезім еш өзгерген жоқ. Өзгерткім келгені – киім кию стилім болды. Өйткені бұрын киінген киімім менің дініме, ішкі ұстанымыма, сеніміме сай келмеді. Дініме қайшы келетін киіммен белгілі бір деңгейде өзімді қор сезініп те жүрдім. Сол себепті өз-өзіме өмірімде тағы бір сыйлық тарту еттім. Көзім ашылды, көкірегім оянды.
Бұған дейін де орамал тағуға бекінген кезім көп болды. Бірақ ол кездерде "мені біреу сынайды-ау" деп қорқып жүрдім. Осылайша, өз-өзімнен қашып жүрген секілдімін. Кейін ойласам, бәрі бекер екен. Не үшін мен біреудің алдында жасқанып, төмендеуім керек? Өз-өзімді неге жасыруым керек? Осы ойлар мені батылдыққа жетеледі. Өз жүрегімнің үнін тыңдағаныма қазір қатты қуанып жүрмін.
– Жауапкершілігі үлкен қадам ғой. Дайындық қалай болды? Қандай да бір қорқыныш болды ма?
– Қорқыныш болған жоқ, шын қуаныш бар. Күдік барын айттым – ол да сейілді. Аллаға мың да бір шүкір. Мені қазір сынап жатқандар бар. "Әп әдемі қазақтың қызы еді ғой …. Очень жаль" деп әртүрлі пікір жазыпты. Оған ренжімеймін.
Меніңше, әйел адамның иманы орамал тағумен өлшенбейді. Оранып жүріп, Құдайдан қорықпайтындар да бар шығар? Кім біледі? Ешкімге өз ойымды, құндылығымды сіңіргім келмейді. Менің бұл қадамымның мәні – ең алдымен өз жүрегімнің тыныштығын іздеуімде. Басқалар мен жайлы не айтып, не жазып жатқаны аса қызық емес. Шешіміме құрметпен қарағандарға көптен-көп рахмет. Сынағандарға ренжімеймін. Мені бұған дейін де көп адам әртүрлі себеппен сынайтын. Хейтерлер қай уақытта да табылады. Бірақ маған бұрын қатты сөз жазып сынағандардың біразы менен кейін кешірім сұрады. Қазір де сынап жатқандар кейін менен кешірім сұрайтынына сенімдімін. Бұл – қалыпты құбылыс.
– Жолдасыңыз бұл шешімді қалай қабылдады?
– Әрине, ол қуанды. Шешіміме таңғалды. Бұған дейін іштей күресіп жүргенімді ешкімге көрсетпеппін. Бірақ өмірдің әр кезеңіне жоспар жасай келе, бүгінгі күнге жеттім. Орамал таққанымды көрген кезде күйеуім шок болды.
Осыдан бірнеше жыл бұрын Әлішерден "егер мен орамал тақсам, сен мені қалай қабылдайсың?" деп сұрағанмын. Ол маған сол кезде "Аллаға күнде сыйынып жүрсің, сенесің, әрине, Әлхамдулиллә, бір күні ол күнге де келетін шығарсың" дегені бар. Бірақ күйеуім мені ешқашан тар шеңберге қамап, тыйып, шектеген емес. "Орансаң жақсы еді" деп те бірде-бір рет айтып көрген жоқ. Маған сенді.
Әлішер жан-жары кім екенін, мен үшін өнердің не екенін әуелден жақсы білді. Мүмкін, содан шығар, ешқашан орамал тақ деп көрген емес. Өнерімді бағалады. Бірақ маған шындық есігі ашылған кезде өмірдегі өз миссиям мен рөліме қайта баға беріп, моданың өмірде соншалықты маңызды емес екенін түйсіндім. Менің ауқымды басқа да мақсаттарым көп. Ол мақсаттарымның ішінде мода – мен бас тарта алмайтындай үлкен құндылық емес. Иә, әнді жақсы көремін. Одан әзірге бас тарта алмаймын. Ал модадан қалдым деп, киім-кешек үшін жанымды ауыртпаймын.
– Instagram-да барлық фото-видеоны бір сәтте өшіріп тастағаныңызға өкінбейсіз бе? Ол да өзіңіз басып өткен жолдың неше жылдан бергі естелігі еді ғой. Жалпы Instagram-да одан әрі қалай дамытуға ниеттісіз?
– Шынымды айтсам, мен үшін фото-видеоларды өшіру деген ұсақ-түйек шаруа. Бұл қадамға бір сәтте ойсыз бара салған жоқпын. Ойланып барып жасадым. Менде бәрі жақсы, керемет кезде осындай шешім қабылдадым. Бәлкім, шын бақытқа барар жолда маған жетпей тұрғаны – сол қадам ғана болған шығар. Сол себепті басыма орамал тағып, өмірді жаңа парақтан бастадым. Бір минут та өкінген емеспін. Себебі өз күшіме сенем. Бұған дейін жасаған еңбегімді қайталай алатыныма сенімдімін. Ол үшін көп бас ауыртпаймын.
– Шатаспасам, 4 жыл намаз оқыдым деп қалдыңыз. Алғаш намазға қалай келген едіңіз?
– Иә, оны да әлеуметтік желіде жаздым. Намазға күйеуіммен бірге келдім. Оның барлық мән-жайын мен айта алмаймын. Өйткені бұл – менің өмірім. Ашып айта алмайтын сырым көп. Айып етпесеңіз, ол сырларым өзімде қалсын.
– Әндерді енді іріктеймін деген пікіріңізді Instagram-да оқыған едім. Енді қандай әндерді мүлдем айтпайсыз?
– Орамал тағуыма байланысты шектеулер болатын шығар. Ол жайлы әлі ойланған жоқпын. Бірақ меніңше, егер адамның өнері біреуге керек болып жатса, ешқандай шектеу болмауы керек. Егер біреудің өнерін адамдар қатты қолдамай жатса, онда өнері көпке керегі болмаған шығар. Яғни ол адам ақырындап өнерден кетуі керек, бәлкім!?
Мен де сол үшін аса бас қатырмаймын. Өйткені менің өнерім, оқырманым – бүкіл Қазақстан деп тағы мақтана алмаймын. Бәріне әнім ұнайды деуден аулақпын. Сонда да менің орамал тағуыма қарамастан, өнерімді бағалап, тыңдаушылар табылатынына сенемін. Олар мені әрдайым қолдап келе жатыр. Алда да қолдайтынына сенімдімін.
Шынымды айтсам, мұңлы әндерді айтқым келмейді. Бұл пікірімнің дінге еш қатысы жоқ. Өмірімде бәрі жақсы, Әлхәмдулилла. Көңілсіз ән айтып, қажып жүретін себеп жоқ мен үшін. Бұрын сазгер ән жазып берген кезде өмірімде бәрі жақсы болса да, мұңлы әндерді айта беретін едім. Бірақ мен актриса емеспін. Киноға да түспеймін. Менен бәрі "неліктен киноға түспейсің?" деп сұрайтын. Өйткені мен актриса емеспін. Әнде де солай. Мұңлы ән айтып, жанкүйердің жанын ауыртып, Құдай сақтасын, қайғысына себепкер болғым келмейді. Әр адам әртүрлі қабылдайды ғой. Жақсы нәрсені ғана айтайық. Жақсылықты ғана шырқасын өнерім. Өйткені, бізге берілген өмірдің өзі – Алла берген сый. Өмір жолын ар-ожданнан аттамай басып өтуіміз керек.
– Жуырда кіші қажылыққа барып келген едіңіздер. Көп әріптестеріңіз бартермен қажылыққа барып келуде. Сіздерде солай бартермен бардыңыздар ма?
Жоқ, біз бартермен барған жоқпыз. Бартермен бару жөнінде ұсыныстар болды. Бірақ өзіміз барғымыз келді. Біз үшін бұл сапар жай ғана демалу немесе сергіп қайту, отельдерді тамашалау емес, әлбетте. Бұл біз үшін қасиетті сапар. Бартерсіз барған жөн деп шештім. Әрине, бұл өз ойым.
Қасиетті мекенде құлшылық жасау қандай сезім екен.
Оны сөзбен айтып жеткізу мүмкін емес. Біз қажылықты ұзақ уақыт армандадық. Негізі қажылыққа адамдар тек Алланың шақыртуымен ғана барады ғой. Шынымды айтсам, елге қайтқан кезде қайтадан Меккеге барғым келді, қатты сағындым. Әлішер үшінші, менің алғаш рет баруым. Ол жақтың атмосферасы мүлдем басқаша. Ауаның өзінде “бақыт атмосферасы” бар сияқты. Әр деміңізден бақытты сезінесіз.
– Дубайдан пәтер алып жатырсыз, сонда көшу жоспарда бар ма?
– Сторисімді көрген адамдардың көбі біз Дубайға көшкелі жатыр деп ойлапты. Ондай әзірге жоспарда жоқ. Бәлкім... Алда кім біледі.
Өзіңіз білетіндей, мен өнердің адамымын. Күйеуім де өнерден алыс адам емес. Бірақ қазір ол өнер саласында жүрген жоқ. Бизнесі басқа. Әр салада еңбек етеді. Мен де белгілі бір деңгейде өнермен қатар жаныма жақын әр саланың қыр-сырын меңгердім. Адамдар онымнан хабарсыз болуы мүмкін. Өнер мен үшін қазір хобби секілді болып қалып жатыр. Дегенмен, өнер –менің қаныма сіңген басымдық. Өнерде жан рахатын сезіну үшін ғана жұмыс істеймін. Ал табыс көзін баяғыда-ақ басқа саладан тауып жүрмін.
Біз әртүрлі салада өзімізді дамытып келе жатқан адамбыз. Меніңше, әр адам бір саламен шектелмеуі керек. Әрдайым уақыт талабына сай жаңашылдықтарды меңгергені абзал. Тәуекелден қорықпай, адал ақша тауып, арманын жүзеге асыруы тиіс. Біздің де арманымыз осы. Жан-жақты дамып, балаларымызға үлгі болғымыз келеді. Ал бір жаққа көшу жағын сұрар болсаңыз, жақын арада бізде ондай еш жоспар жоқ. Алайда мүлікке инвестиция салып жатырмыз. Шамамыз келгенше оны да дамытқымыз келеді.
– Сіздегі табыс көзінің бірі желі парақшасы екені анық қой. Жарнама жасау құны қанша және қандай талаптар мен шарттар бар?
– Иә, Instagram-да мен үшін табыс көзі. Контент жасап жүрмін. Орамал тағуыма байланысты жарнама бағытындағы жұмысым сәл өзгеріп жатыр. Кейбір жарнама берушілермен жұмысты тоқтаттым. Оны да жаздым. Неге? Не үшін? Осы сұрақтың бәріне әлеуметтік желідегі парақшамда жауап бар. Белгілі бір жарнама берушілермен жұмыс тоқтатуым – олардың кәсіби біліктілігінің төмендігінен емес екенін түсінсеңіздер екен. Олармен осы уақытқа дейін жақсы жұмыс істедім. Қаншама жобаларды бірлесе сәтті атқардық. Бірақ кез келген істің басы мен соңы бар.
Ал жарнама жасау мәселесі жөнінде әр тапсырыс берушімен жұмыс шарттарым жеке талқыланады. Ол – коммерциялық құпия. Оны ашып айтқаным орынсыз болады.
– Жоғарыда өнер - хобби деп қалдыңыз. Яғни сізде басқа табыс көзі бар болғаны ғой. Құпия болмаса қандай салада қызмет жасаудасыз?
– Өзімнің қолымнан келетін бірнеше саланы зерттеп, соларды дамытудамын. Бірақ оны ашып айтқым келмейді.

22 жастағы қазақстандық қыздан асқынған сатыдағы қатерлі ісік анықталды: Ол диагнозды жүкті кезінде білген
