"Дүбәрасыңдар": Гүлзира Айдарбекова өзін Димашпен салыстырғандарға шүйлікті
Танымал продюсер Гүлзира Айдарбекова су тасқынынан зардап шеккен өңірлерді аралау кезінде сынаған халыққа ашуланып, оқырмандарына ұрысты. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Фото: Өнер иелерінің жеке парақшасынан алынды
Өнер өкілі су апатынан зардап шеккен, баспанасыз қалған тұрғындардың жай-күйін баяндап берді.
“Неше күн жүріп, бір емес бірнеше жерді, Атырау, Орал, Ақтөбе – барлығын ерінбей аралап, қолымыздан келген көмекті өздеріне көзбе-көз тапсыра отырып, халықтың мұң-мұқтажын тыңдадық. Айтып тұрып жылады, бізді қоса жылатты. Титымдайынан, отбасын құрғаннан бастап қанша еңбегімен жиған, тіптен дүние мүлкімен ыстық ұяларынан айрылған. Үстінен дұрыс киімдерін киіп те, азын аулақ заттарын да алып үлгермей, 5-6 бала-шағасын жетектеп шыға салған қаншама ана көз жасына ерік берді. Әрқайсысын құшағыма қысып, беттерінен сүйіп жұбатқаным болмаса қолдан келер не шара? Әйелдер, біз түгілі бізбен бірге барған өнердегі ер азаматтардың жүрегі қарс айрылып, көңіл-күйлері түсіп қайтты. Жұмыла түгел қария мен балаға дейін қолдарынан бар келетіні – қапшыққа топырақ толтырып, айналасын қоршап жатыр”, – деп жазды продюсер.
Оқырман қауымның бірі мақтап, игі іске мұрындық болған өнер өкілдеріне ризашылығын білдіріп жатса, енді бірі “көзбояушылық, Димаштан ұялғаннан келген” деп тілдеді. Алайда Димаш туралы пікір айтқан оқырманын продюсер орнына қойды.
“Димашты көрінген жерге тығып деңгейін түсіре бермеңіздер. Димаш ол – Димаш. Ешкім Димаш бола алмайды, оған Алланың берген бағы. Өнер адамдары Димашты аңдымай-ақ қай кезде болмасын елдің басына іс түскенде қарап калған кезі болған жоқ. Бәрі пенде, бәрінің жүрегі бар. Міне, қанша айтып жазып жатырмын, бір-бірімізді күндемейік, елді кері пікірге итермелеп өсек айтпайық. Мына болып жатқан жамандық атаулы сол қара ниетімізге көрініп жатыр деп. Сөзді бұрмалаған түсінігі жоқ дүбәраларды мен халық деп ойламаймын, арандатушылар, соның бірі – сенсің. Бәріміз бір қазақтың баласымыз осыны түсіну керек", – деп ашуланды Гүлзира Үсенқызы.
Айта кетейік, шоу-бизнес өкілдері тасқыннан зардап шеккендерге неге 100 мың теңге ғана аударғанын түсіндіргенін жазған едік.
Еске салсақ, бұған дейін Жайық өзенінің деңгейі апатты межеден асып кеткенін хабарлаған едік. Жайықтағы су тасқынының екінші толқынынан 1400-ге жуық адам эвакуацияланды.