Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Досымыз қасақана өлтірілген": "Қазақмыс" басшысын жаралап, кейін көз жұмған қызметкердің жақындары өз шындығын айтты

Досымыз қасақана өлтірілген. "Қазақмыс" корпорациясының басшысы мен маманын жаралап, өз-өзіне қол салған Тоғызбай Тәжбеновтың достары арнамызға берген эксклюзивті сұхбатында осылай деп мәлімдеді. Айтуларынша, қайтыс болған маман өте сабырлы, ешкіммен жанжалдаспайтын кісі болған. Жоғары жақтан қысым көрген деп отыр.

Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі Евразия арнасына сілтеме жасап хабарлайды.

Істің әділ тергелуін талап еткен жақындары, "Қазақмыс" басшысының қызметінен кетуін талап етуде.  

"Теледидарда тарап жатқан ақпаратпен мүлдем келіспеймін. Ол кісі өз-өзіне қол жұмсайтын адам емес. Жезқазған қаласының халқы бәрі сол ойда. Бас прокуратурадан сұрайтыным, тергеу әділ, таза ашық түрде өтсе. Өлген адамға күйе жақпай, бұрмаламай, шындықты жасырмай іс қаралу керек", - деді марқұм Тоғызбай Тәжбеновтің досы Дәуіт Байкенжинов. 

Бұл кісі осыдан бір жұма бұрын "Қазақмыс" корпорациясының бас директоры Амангелді Мініғұлов пен маман Сабыржан Тембаевты ауыр жарақаттап, артынан өз-өзіне қол салған Тоғызбай Тәжбеновтың досы. Ол марқұмның бұл әрекетіне сенбей, көпті таңғалдыратын мәлімдеме жасады. Өлген адамды кінәлі деп шығару оқиғасы алғаш рет емес деген досы "Қазақмыста" мұндай жағдай қалыпты құбылысқа айналып кеткен дейді.

«Өкінішке қарай, "Қазақмыс" корпорациясында бір жаман нәрсе қалыптасқан. Ол өлген адамды кінәлі деп жамандау. Қарашаның 26-да "Оңтүстік" кенішінде, №65 шахтада қайтыс болған ауысым шебері Ильясов пен ауыр жарақат алған Сәрсенбаев Жанат соған дәлел. Екеуін де кінәлап жатыр. Менің айтатыным Огай мырза қызметінен кетуі керек", - деді Дәуіт Байкенжинов. 

Күні кеше ғана жер қойнына тапсырылған Тоғызбай Тәжбеновты достары өте еңбекқор адам ретінде таниды. Сондықтан, марқұмның өз-өзіне қол жұмсады, адам пышақтады деген ақпарға сенбей, керісінше досымызды қасақана өлтірді деп отыр.  

"Бұл әдейі жасалған қылмыс. Оған мен емес Жезқазған халқы сенімді. Тұрғындар арасында түрлі алып-қашпа әңгіме жүріп жатыр. Тиісті орган, оқиғаның ақ қарасын анықтауы қажет", - досы ЕРбол Былшықбаев. 

Қанды оқиғадан 8 күн өтсе де, "Қазақмыс" корпорациясының өкілдері БАҚ құралдарына бірде-бір ресми мәлімет берген жоқ. Тек өздерінің ресми сайттарында мынадай бір тілім хабарлама іліп қойған.

"Қазақмыс корпорациясы" ЖШС бірінші басшысы ретінде компания бұл қайғылы жағдайдың себептерін анықтауға бар күш-жігерін салады деп толықтай айта аламын. Қазіргі уақытта құқық қорғау органдары қажетті шараларды қабылдауда, оқиғаның барлық мән-жайы анықталады. Осы қайғылы оқиғаға қатысты қазіргі уақытта түрлі пікірлер айтылып жатыр. Мен Тоғызбай Тәжбеновті бұл лауазымға адал, парасатты және жоғары кәсіби қасиеттері үшін ұсынғанымды атап өткім келеді. Сол себепті де асығыс қорытынды жасаудан бас тартып, тергеу нәтижелерін күту керек деп есептеймін", - делінген "Қазақмыс Корпорациясы" ЖШС басқарма төрағасы Эдуард Огайдың кәсіпорынның ресми сайтындағы мәлімдемесінде.

Еске салайын, қанды оқиға 21 қаңтар күні болған еді. "Қазақмыс" корпорациясының" бас директоры Амангелді Мініғұлов пен "Кәсіп қорған" кәсіподағының төрағасы Тоғызбай Тәжбенов арасында жанжал шыққан. Тәжбенов Мініғұловтың арқасына пышақ сұғып алған. Сондай-ақ, араша түскен "Қазақмыс" корпорациясының маманы Сабыржан Тембаевтың да кеуде тұсынан жарақат салған.

"Қазақмыс" корпорациясының директоры Минегуловтың кабинетінде Тәжбенов өзара жанжал барысында Минегулов пен осы мекеменің маманы Тембаевке пышақпен дене жарақатын келтіріп, сол жерде өз-өзіне қол жұмсап, оқиға орнында көз жұмды. Аталған жайт бойынша тергеу жүргізілуде", - деді облыстық полиция департаментінің баспасөз жетекшісі Жанатай Сембеков.

Тіпті, іс алдағы уақытта мүлде тоқтатылуы да  бек мүмкін. Себебі..

"Практикада бұл қысқартылады. Тоқтатылымға алынады. Өйткені, күдікті адам болмауына байланысты", - деді бас прокурордың орынбасары Марат Ахметжанов. 

"Өлген адамға" күйе жақты деп ашынған марқұмның бір топ досы мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың атына хат дайындап жатыр екен. Олар бұл оқиғаның әділ тергелуін талап етуде.

Талқылау