Павлодар облысында 12 жастағы мектеп оқушысы бала туды
Павлодар облысы Шарбақты ауданында 19 шілдеде ауыл мектебінде оқитын 12 жастағы қыз босанды. Өңірдің білім беру басқармасы жағдайды растады. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі Іrbistv.kz порталына сілтеме жасап хабарлайды.
Фото: mirtesen.ru
Әуелі қыздың жүкті екенін білім беру басқармасы анықтаған. Оқушы 16 тамызда 13 жасқа толады. Қыз Павлодар облыстық перинаталдық орталығында босанған.
"Мектеп директоры жұмыстан кету туралы арыз жазуына байланысты қызметінен босатылды. Білім бөлімінің басшысына қатаң сөгіс берілді", – деп жазылған жауапта.
Белгілі болғандай, мектеп оқушысы зорланған соң жүкті болып қалған. Балалар омбудсмені Динара Зәкиеваның айтуынша, кәмелеттік жасқа толмаған балаға зорлық-зомбылық көрсету фактісі бойынша тергеу жүріп жатыр. Жаңа туған нәресте қазір анасының қасында.
Еске салайық, бұған дейін Түркістан облысында 7-сынып оқушысы өз әкесінен жүкті болып қалғанын жаздық. Қыздың анасы Қазығұрт аудандық полициясына арыз түсірген. Ол 50 жастағы күйеуінен өз қызын зорлады деп күдіктенетінін айтты. Аталған іске қатысты Түркістан олысы полиция департаменті тергеу басқармасының басшысы Жандос Құлмахан жауап берді. Күдікті ұсталып, уақытша ұстау изоляторына қамалды.