Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Дипломын ала алмай жүрген бір топ ақтаулық студент университет алдында шу шығарды

Ақтауда бір топ студент дипломдарын ала алмай жүр. Университетті аяқтағандарын растайтын құжатқа қол жеткізе алмаған түлектер жоғары оқу орнының алдына жиналды. Өйткені ректорат бұған дейін мардымды ақпарат бермеген соң өздері іздеп әзер тапқан жұмыстарынан айырыла бастаған. Ал басшылық университет аккредитациядан өтіп жатқанын айтады. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі "Информбюро" бағдарламасына сілтеме жасап хабарлайды.

300-ге жуық студенттің дипломын бермей жүр деген бірнеше жас маман Ақтау гуманитарлық-техникалық университетінің алдына жиналды. Олар дипломның жоқтығынан табылып тұрған жұмыстан айырылып тұрмыз деп ашулы. Тіпті, кейбірі осы жағдайға байланысты магистратураға құжат тапсыра алмаған. 

Төрт жыл бойы оқыған білімімізді дәлелдей алмай қалдық деген топ, қиын жағдайда қалғанын айтты.

"Екі ай болды униерситетті бітіргенімізге, екі айдан бері диплом жоқ. Одан әрі оқу үшін магистратураға тапсыруымыз керек еді. Магистратураның уақыты 19 шілді күні өтіп кетті", - деді студент Аралбай Қаршыға.

"Біз басқа ешнәрсе талап етіп отырғанымыз жоқ. Өзіміздің оқығанымызды, төлеген ақшамызды талап етіп отырмыз", - деді студент Әбдіғани Қадырбаев. 

"Хабарлар есітіп жатырмын, университеттің құжаттары дүрыс емес деген. Енді, дұрыс емес болса неге оқытады, сол кезде неге бөліп жібермейді. Мұғалімдерге келсек, дұрыс жауап бермейді", - деді ата-ана Әділхан Жұмаханұлы.

Банктен несие алып, қалтасындағы соңғы ақшасын санап берген студенттер, университет неге уақытында аккредитациядан өтпеген деп наразы. Ал ректордың міндетін атқарушы аккредиттеу карантинге байланысты қиындағанын айтты.

"Аккредиттеуіміздің мерзімі аяқталып, бұл пандемия кезіне сәйкес келіп қалды. Қазір бұл мәсәле шешілді, бүгін комиссия келеді. Біз бұл аккредиттеуден 11-13 тамыз аралығында өтеміз. Одан кейін министрлікпен мәселені шешеміз. Аккредиттеусіз министрлік бізге диплом бермейді", - деді Ақтау гуманитарлық-техникалық университетінің ректоры міндетін атқарушы Әлия Сайынқызы.

Студенттер университет тіркеуден өтпесе төрт жылдық біліміміз де, төлеген ақшамыз да бекер кете ме деп қорқады. Олар мәселе шешілмесе, сотқа жүгінетіндерін баса айтты.


Талқылау
Пікір
Қазір оқып жатыр
Çàãðóçêà...
Қазір оқып жатыр