"Діни ағымның ұстанушысы болып шықты": БҚО-да әйел зорламақ болған күдікті ұсталды
БҚО-да 1991 жылғы әйелді зорламақ болған 34 жастағы күдікті ер адам ұсталды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Фото: БҚО ПД баспасөз қызметі
Полиция мәліметінше, қылмыс қыркүйектің 9-ына қараған түні Ақсай қаласында болған. 1991 жылғы әйел түнделетіп үйіне келе жатып, бөтен жігітті кездестіреді. Ол бір мекенжайды сұрап, оны әңгімеге тартады. Содан соң ер адам күш қолданып, зорлауға әрекеттенген. Әйел қашып үлгереді. Қылмыскер оқиға орнынан бой тасалайды.
Үйіне келген жәбірленуші жедел жәрдем көлігін шақырып, полицияға хабарласады. Полицейлерге қылмыскердің ізін анықтауға қылмыс жасалған аумақта түсірілген бейнебақылау камераларының жазбалары көмектесті.
"Полиция қызметкерлері аталған қылмысты жасаған Ақсай қаласының 34 жасар тұрғынын ұстады. Ұсталған азамат деструктивті діни ағымның ұстанушысы екені анықталды. Күдікті ҚР Қылмыстық-процестік кодексінің 128-бабына сәйкес УҰИ-ға қамалды. Оған қатысты ҚР Қылмыстық кодексінің 24-бабы – 120-бабы бойынша сотқа дейінгі тергеу басталды", – делінген БҚО ПД баспасөз қызметінің хабарламасында.