Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Діндар адам пара алмайды": Депутат Наурыз Сайлаубай елдегі сыбайлас жемқорлықпен қалай күресу керегін айтты

Мәжіліс депутаты Наурыз Сайлаубай сыбайлас жемқорлықпен күресуде діннің маңызды рөл ойнайтынын айтты. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

Фото: instagram.com/sailaybai.nauryz

“Әлемде үш негізгі дін бар: ислам, христиан, иудаизм. Әр діннің өз пайғамбары мен қасиетті кітабы болады. Онсыз ол дін деп саналмайды. Ал қалғандарын кейбірі мәдениет деп қабылдайды, басқа бір дінге қатысы бар миссионерлік жолмен жүрген азаматтардың жолын кейбір адамдар дін деп санаса, енді бірі оны әдет-ғұрып ретінде түсінеді. Қай дін, қай мәдениетті алсақ та және Библияны, Тауратты, Құранды оқысаңыздар да, олар жемқорлыққа немесе қоғамға зиян тигізетін басқа да жаман нәрсеге итермелемейді. Барлық дін имандылыққа шақырады. Біз, қазақтар иманды адам автоматты түрде патриот болады дейміз. Ал патриот адам жемқорлыққа бара ма? Бармайды”, – дейді мәжіліс депутаты.

Оның айтуынша, егер адам мұндай қадамға барса ол патриот емес. Сәйкесінше оны имансыз деп санайды.

“Дегенмен барлығы адамның санасына, түйсігіне байланысты деп ойлаймын. Ал дінді одан бөлек қарастырған жөн. Өйткені ораза ұстайтын жемқорлар да бар. Бұл – шындық. Бірақ дін бұған тыйым салған. Мысалы, 30-70 жыл намаз оқып жүріп, дұрыс жолдан тайып пара алып, пара беріседі. Өмірінде бір рет болсын намаз оқымаса да, адалдықтан таймай, ешқашан қылмысқа бармайтын адамдар да бар. Исламға келсек, жемқорлықпен, арам жолмен келген ақша адал болмайды. Үйіндегі балаларын арам жолмен келген ақшамен асыраса, ол нашар адам болып ер жетеді деген түсінік бар”, – дейді Наурыз Сайлаубай.

Айта кетейік, Наурыз Сайлаубай бұған дейін Жетісу облысында “Дін саласындағы мәселелерді зерттеу және оңалту орталығы” басшысының орынбасары қызметін атқарған еді. 

Талқылау