Қазақстандық жедел жәрдемнің қателігінен қайтыс болған күйеуіне өтемақы өндіріп алды

Қарағандыда сот жедел медициналық көмекті тиісінше көрсетпегені үшін "Облыстық жедел медициналық жәрдем станциясын" науқастың туысына моральдық зиян өтемақысын төлеуге міндеттеді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Қарағандыда сот жедел жәрдем қызметін пациентке тиісті көмек көрсетпегені үшін жауапқа тартып, моральдық өтемақы төлеуге міндеттеді.
Іс Қарағанды қаласы Қазыбек би ауданындағы №2 сотта қаралды. Талап қоюшы әйел жұбайының жедел медициналық көмектің дұрыс көрсетілмеуінен көз жұмғанын айтқан. Оның сөзінше, жедел жәрдем шақырылған кезде марқұм кеуде тұсындағы ауырсынуға шағымданған. Алайда дәрігерлер жүрекке қатысы жоқ алдын ала диагноз қойып, оны ауруханаға жеткізбеген.
Сот барысында медицина қызметкерлері ЭКГ нәтижесін қате түсіндіргені, науқастың жағдайын дұрыс бағаламағаны және қажетті ем-домды дер кезінде көрсетпегені анықталды. Тексеру қорытындысы бойынша медициналық стандарттардың бұзылғаны дәлелденіп, жауапты тұлғалар тәртіптік және әкімшілік жауапкершілікке тартылған.
Сот-медициналық сараптама марқұмның өліміне жедел миокард инфаркті себеп болғанын көрсетті. Осылайша, сот талап арызды ішінара қанағаттандырып, жедел жәрдем станциясынан талап қоюшының пайдасына моральдық зиян өтемақысын өндірді.
Еске салайық, бұған дейін Қостанай облысында тұратын көпбалалы ана Айгүл Ділдабай үш жыл бұрын 11 жастағы қызына ауылдық емханада қажетті тексерулер жүргізілмей, "цефтриаксон" антибиотигі салынғанын айтады. Инъекциядан кейін бала есінен танып, ұзақ уақыт комада жатқан. Қазіргі таңда қыз сөйлей алмайды, өздігінен жүріп-тұра алмайды және күтімді қажет етеді. Анасы бұл жағдайға дәрігерлердің салғырттығы себеп деп есептейді. Алайда ресми тексеріс нәтижесінде баланың жағдайы антибиотиктен емес, аурудың асқынуынан болғаны айтылып, қылмыстық іс тоқтатылған. Ана бұл шешіммен келіспей, жоғары органдарға шағымданған.
Рейхстагқа ту тіккен Рахымжан Қошқарбаев па, әлде тарихи шындық бұрмаланды ма?
Оқыңыз