Депозитте ақша жинау тиімді ме? Қаржы кеңесшісі қаражат жинаудың тәсілдерімен бөлісті
Әр адамға ертеңгі күніне деген сенімділік қажет. Осы мақсатта көбі болашағына алаңдап не алдына белгілі бір мақсат қойып қаражат қорын жинайды. Дегенмен бұл туралы білсе де, көп адам мұндай маңызды қадамды кейінге шегере береді не қаржы жинаудың дұрыс жолын білмейді. Осы ретте қаржы маманынан қаражатты қандай тәсілдермен жинаған жөн екенін сұрадық.
Қаржыны не үшін жинау керек?
Әр адам жеке себептеріне байланысты қаржыны түрлі мақсатта жинауы мүмкін. Алдымен ақша сізге қандай мақсатта керек екенін анықтап алу керек. Әдетте жұмыстан шығып қалғанда, табыс қысқарғанда, ауырып қалған жағдайда, пәтерге жөндеу жұмыстары үшін, көлік сатып алу мақсатында және тағы басқа сансыз себептермен ақша керек боп қалуы мүмкін. Осы кезде дайын қаржы қоры болса, ол біршама уақытқа сізге аяққа тұрып кетпейінше тұрақтылық береді не қажеттілігіңізді өтеуге сеп болады. Демек жиналған қаражат қиын кезеңдерде өмір сүру деңгейі төмендеп кетпеуі үшін, не қажетті уақытта керегіңізге жарату үшін қажет.
Қаржыны қалай жинаған дұрыс?
Табыстың бір бөлігінен жинау
Мамандар пікірі осы сұраққа келгенде әртүрлі. Бірі табыстың 10%-ын, енді бірі 30-ын сақтау керек дейді. Алайда бұл әркімнің өз жағдайы мен мүмкіндіктеріне тікелей байланысты. Осы ретте қаржы кеңесшісі Алтынай Айсеновадан қаржы жинаудың тиімді схемасы туралы сұрадық.
“Кез келген түскен кірістен, сол ақшаның 10 пайызын міндетті түрде бірден шегеріп отыру керек. Мысалы, бұл жалақы, жәрдемақы, қайтарылған қарыз, бонус, сыйақы және т.б болуы мүмкін. Дәл осы әрекетті адам дағдыға айналдыруы керек. Алайда көп адамның қолынан бұл келе бермейді. Қаржының сол бөлігін шегеріп тастаған соң қалған ақша маған өмір сүруге жетпей қалады деген ой санада тұрады. Бірақ бұл – қате пікір. Егер адамның жалақысы тіптен аз болса, оданн да аз сомадан бастап жинауға болады. Мәселен, 3 -5 пайыз да алғашқы қадам бола алады. Осылайша, бұл әрекет әдетке айналғанша 3-4 ай, жарты жыл уақыт кетеді.
Түскен қаражаттың белгілі бір бөлігін шегеріп тастаған соң, адам бұл ақша туралы ойламауы қажет. Ол ақша тіпті басқа есепшотта тұрғаны жөн болады. Ақшаның белгілі бөлігін жәй ғана аудара салу жеткіліксіз. Ол ақшаны мақсатты түрде жинау керек. Демек тұрмыстық техника, көлік, пәтердің алғашқы жарнасына жинаймын деген сияқты айқын мақсат болуы шарт”, - дейді қаржы маманы.
Қаражаттың аз ғана бөлігін жинақтаудың өзі үлкен жетістік дейді ол.
“Кіріс-шығысты есептеп, жазып жүретін болса 3 айдан соң нақты қаржы жағдайын бағалайды. Өзінің ақшасының қайда кетіп жатқанын көре алады. Қаражатты жоспарлы түрде жұмсау барысында адамда тәртіп пайда болады, ақшаға деген көзқарасы да өзгереді”. - дейді қаржы кеңесшісі.
Майда-шүйде заттарға шығын шығармау, қарыз алмау
Қаражат жинауда адамдар түрлі кедергімен бетпе-бет келуі мүмкін. Бір қарағанда, ол болмашы нәрсе болып көрінуі мүмкін, бірақ ақшаның жиналмауына әсер етеді. Мәселен, адамдар мейрамхана, дәмханаларға жиі шығын шығаратынын айтып жатады. Бұл әрине, ақша үнемдеуде мүмкіндігімізді азайтады.
Мұндай жағдайды алдын алу үшін барлық шығындарды жазып алып отыру керек. Еш қиналмай бас тарта алатын заттар туралы ойланыңыз. Мысалы, таңертең кофе ішуден бас тарту, таксидің орнына қоғамдық көлікті пайдалану, мейрамханалар мен дәмханаларға баруды сирету және т.б.
“Тағы бір мәселе - адам ешқашан қарыз алмау керек. Қарыз алуды тоқтатып, бар қарыздан құтылып, бір бөлігін жинақтап, қалған ақшасын күнделікті тұрмысына жеткізіп үйренген абзал”, - дейді маман Алтынай Айсенова.
Көбірек табыс табу және капиталды көбейту
Ақшаны тек үнемдеу жеткіліксіз. Көбірек табыс табудың жолын таба отыра көбірек үнемдей аласыз. Қаржы кеңесшісінің айтуынша, егер адамның шығыны оның кірісіне тең немесе одан асып кетсе, онда оған қаржы жағдайын өзгерту керек.
Нарықтағы орныңызды бағалап, біліктілігіңізді арттырып, табысыңызды көбейтуге тырысуға болады. Сонымен қатар, пайдаланылмай тұрған мүлікті сатып, қосымша табыс әкелетіндей инвестиция жасауға болады.
Депозит ашу
Қазақстандықтардың көбі өз қаражатын сақтау және құнсыздандырмау үшін банктен депозит ашады. Себебі бұл тәсіл тұрақты, арнайы білімді қажет етпейді. Қазақстанда шетелдік валютада да, теңгеде де депозитке қаражат жинауға болады.
Маманның сөзінше, адам ақшаны қай жерге жинаса да алдына мақсат қою керек.
“Мұнда да айта кетерлігі, адамдар депозиттен жиі ақшасын шығарып алады. Егер адамды ынталандыратын негізгі мақсаты болса, адам ақшаны шешпей жинағаны дұрыс”, - дейді ол.
Алтынай Айсенова депозитке кейін инвестиция жасауға болатын не ақша көзі бола алатын дүниеге қаражат жинаған дұрыс дейді.
“Мәселен, мен депозитке қаржыны тұрғын үйдің алғашқы жарнасы үшін жинаймын. Ол пәтерді алған соң ол да бір кірістің көзі болады. Яғни ол қаражатқа мен пассив емес, актив сатып аламын, ақшаны көбейтетін ресурсқа айналдырамын”, - дейді ол.
Депозит ашудың ақша жинаудың басқа тәсілдерден артықшылығы салым мерзімі біткенде банк ақшаны пайызымен бірге қайтарады. Ал қаражатты үйде ұстау қосымша табыс әкелмейді әрі бос жатқан қаражат құнсыздана береді. Депозит бойынша сыйақы әртүрлі болуы мүмкін, бұл банктің шарттарына байланысты.
Мәселен, ForteBank үш түрлі депозит ашу мүмкіндігін ұсынады.
Үлкен соманы жинауды мақсат етіп, бірақ ақшаны мерзімінен бұрын алу мүмкіндігін сақтағыңыз келсе, қаражатты шығарып алу мүмкіндігі бар депозитті ашуға болады. Кем дегенде 1000 теңгеден бастап салым жасап, 15,5 % жылдық тиімді мөлшерлемесін аласыз.
Егер ақшаны шығармай жинауға мүмкіндігіңіз бар болса және оны ұзақ мерзім бойы жинауды жоспарласаңыз, қаражатты шығармай жинауға болатын депозитті таңдаңыз. Депозиттің тиімді мөлшерлемесі 8% болады, оны кез келген уақытта толтыра аласыз. Ең қолайлы мөлшерлеме арқылы ақшаны тезірек жинағыңыз келсе, жинақ депозитін қолданыңыз. Бұл ретте жинақ депозитті 17,0 % тиімді мөлшерлемемен (ЖТСМ) ұзақ мерзімді жоспар мақсатында ашуға қолайлы. Соңғы екеуін де кем дегенде 100 мың теңге сомасымен ашуға болады.
Айта кету керек, Қазақстанның депозиттерге кепілдік беру қоры депозиттерге салынған ақшаның сақталуына кепілдік береді.
Қаржы маманынан кеңес
Алтынай Айсенова жиналған қаражатты қалай тиімді жұмсауға болатынын да айта кетті. Сөзінше, ұзақ уақыт бөліп, тұрақтылықпен, шыдамдылықпен жиналған қаржыны ақылмен пайдаланған жөн.
“Қазір теңгенің құнсыздану уақытында адам дүние-мүлік жинағанша, өз біліміне қаражат салғаны дұрыс. Қаржылық курстарға барып, сондағы мамандар тәжірибесін көріп, бойына сіңіруге тырысу керек. Қаржылық санасын кеңейткен кезде адам көп мүмкіндікті көре бастайды. Бір жалақыға қарап отырмай, әртүрлі жерден кіріс көзін ашу керек. Бұған әдетте білім, тәжірибе, айналасындағы табысты адамдар әсер етеді”, - дейді ол.