Денсаулық сақтау министрі: Қазақстанда А тұмау вирусының таралу қарқыны күшеюде
Денсаулық сақтау министрі Ажар Ғинаят Қазақстанда тұмау, ЖРВИ-мен сырқаттанушылар санының жыл сайын өсіп жатқанын айтты, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі.
Министр тұмау, суық тию ауруларының өсу қарқыны қаңтар, ақпан айларында күшейгенін жеткізді.
“Эпидемиялық маусымға дейін 2,7 миллионнан астам адам тұмауға қарсы екпе салғызған. Бұл халықтың 14 пайызын құрайды. Қазіргі кезде әлем бойынша А тұмау вирусының белгілері күшейген. Ал зертхана деңгейінде тұмаудың 500-ден аса жағдайы анықталды.
Қаңтардың екінші онкүндігінен бастап тұмау, ЖРВИ-мен сырқаттанушылар саны 2019 жылғы эпидемиялогиялық кезеңмен салыстырғанда 1,2 есеге өсіп, балалар арасында ауру фактісі 13 пайызға артқан”,-деді министр.
Министрдің пікірінше офлайн оқу ауру қарқынын күшейтеді. Тұмау, ЖРВИ-дің де алдын алу шаралары маска тағып, көпшілік шоғырланған жерге бармау, ауру белгілері пайда болған кезде бірден оқшауланып, қажетті ем-шараны уақытында алу.
Сонымен қатар Ажар Ғинаят сырқаттанушылардың 50 пайызын балалардың құрайтынын айтып, аумақ әкімдері, тәрбие және білім беру ұйымдарына профилактикалық шаралардың сақталуы мен медициналық көмектің уақытылы көрсетілуіне назар аудару керек екенін ескертті.