Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Дели - Алматы бағытындағы ұшақтың жолаушысынан тырысқақ ауруы анықталды

"Эйр Астана" әуе компаниясының Дели – Алматы бағыты бойынша ұшатын бортынан тырысқақ ауруына шалдыққан жолаушы анықталды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

Фото: Southwest Airlines

Денсаулық сақтау министрлігінің мәліметінше, Қырғызстан азаматшасы Делиден Алматы арқылы үйіне бара жатқан. Санитарлық-карантиндік бақылау мамандары дер кезінде әйелді медициналық тексеруден өткізді. Тест нәтижелеріне сәйкес әйелге тырысқақ диагнозы қойылды.

Науқаспен жақын байланыста болған жолаушылар анықталып, зертханалық сараптама тағайындалды. Науқас және онымен байланыста болған жолаушылар Алматыдағы жұқпалы аурулар ауруханасына жатқызылды. Ұшақ бортында дезинфекция жұмыстары жүргізілді.

"Ұшақ бортындағы жолаушылар арасында ауру белгілері және тырысқақ ауруының алдын алу шаралары туралы түсіндіру жұмыстары жүргізілді, белгілер пайда болған жағдайда дереу медициналық көмекке жүгіну ұсынылды", – делінген министрлік хабарламасында. 

Науқас ауруханаға жатқызылып, клиникалық хаттамаға сәйкес барлық қажетті медициналық көмекті алуда.

Министрлік мәліметінше, эпидемиологиялық қызметтердің инфекция ошағын уақтылы анықтауы және оқшаулауы ел ішінде тырысқақтың таралуының алдын алды. 

Тырысқақ (холера) – Vibrio cholerae түрінің бактерияларынан туындайтын аса қауіпті ішек инфекциясы. Дененің тез сусыздануы гиповолемиялық шок пен өлімге әкеледі.

Талқылау