Дәулет Тұрлыхановтың ұлы 1,5 жылға бас бостандығынан айырылды
Депутат Тұрлыхановтың ұлы Нұрасыл Болаттың шартты жазасы нақты жазаға ауыстырылды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Фото: Видеодан скрин
22 қазанда Алматыда мәжіліс депутаты Дәулет Тұрлыхановтың ұлы Нұрасыл Болатқа қатысты сот отырысы өтті.
Сот оның қалған бас бостандығын шектеу мерзімін бас бостандығынан айыру жазасына ауыстыру туралы үкім шығарды. Енді ол 1,5 жылын орташа режимдегі колонияда өткізеді.
Еске салайық, ақпан айында заңгер Анна Димитриевич күйеуі Олег Чернов екеуін Дәулет Тұрлыхановтың ұлы Нұрасыл соққыға жыққанын мәлімдеген еді. Көп ұзамай оның үстінен Қылмыстық кодекстің 293-бабы “Бұзақылық” бойынша қылмыстық іс қозғалды. Алғашында депутаттың ұлы айыппұлмен құтылғанымен, кейін Жоғарғы сот оған бас бостандығын шектеу жазасын берді.
Бұған дейін де желіде мәжіліс депутаты Дәулет Тұрлыхановтың бас бостандығы шектелген ұлы Нұрасыл Болаттың түнгі уақытта көшеде жүрген видеосы тараған еді. Кейіннен желіде оның тойда жүрген видеосы тарады.