Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Дәулет Тұрлыханов: Кезінде мені спорттан шеттеткендер қазір өмірде жоқ, топырағы торқа болсын

КСРО және Қазақстанның Еңбек сіңірген спорт шебері, Грек-рим, еркін және әйелдер күресі федерациясының президенті Дәулет Тұрлыханов спорт пен қазіргі спорттың жай-күйін айтты. Отбасы мен бала тәрбиесі хақында ойын жеткізді. 

Бұл туралы “Талқылайық” бағдарламасында айтылды. 

Дәулет Тұрлыханов кезінде спорттан кетуге мәжбүр болғанын айтты. Әулетімен спортпен айналысқан спортшы бұл саладан кетуге кей кісілердің ықпалы болғанын жасырмайды. Алайда олардың атын атап, түсін түстеген жоқ. 

“Кезінде мен спорттан кетуге мәжбүр болдым. Кей кісілердің ықпалы болды. Бірақ олардың кім екенін айтқым келмейді. Ол кісілер бұл өмірде жоқ. Жаны жәннатта, топырағы торқа болсын”, – деп қысқа қайырды. 

Ал қазір мінезсіз спортшылар мен спорт саласысының ақсап тұрғаны көңіл қынжылтады дейді ол. 

“Қазір мінезді спортшы жоқ. Жасыратыны жоқ, қырғыз ағайындардан жеңіліп жатырмыз. Бізде мінез жоқ. Мінезді министр бар деп айта алмаймын. Мінез барлық жерге керек. Мен мінезіммен сыймадым. Бірақ спорт деген оңай дүние емес. Әкем спортпен айналысты, өзім айналыстым. Бірақ балаларым спортта аты шығады деп ойламаймын. Немерелерімнен палуан шығатын шығар. Кезінде көп уақытты жұмысқа бөлдік. Сыртта жүрдік. Бала тәрбесіне келгенде ақсадық. Сондықтан балаларым ауырдың үстімен, жеңілдің астымен жүр. Спорт деген ауыр жол. Олар спортқа жақын емес. Әрине, бұл өкінішті жайт”, – деді ол. 

 

Дәулет мырза анасының қасында көп уақыт бола алмағанына өкінеді. Алайда анасының көзі тірісінде күнделікті телефон шалып, жағдайын біліп тұрғанын айтты. 

“Мен уақыттың тапшылығынан анамның қасында көп бола алмадым ба деп ойлаймын. Ата-анаға деген құрмет – ең үлкен құрмет. Күнделікті таңғы 6-да телефонмен сөйлесетінмін. Анама жақын болдым. Анам ел сыйлаға ана болды. Алланың жазуымен өмірден өтті. Бұл өмір бір ғана сәт екен. Бала күнімізде оны түсінбедік. Анамыз өмірден өткенде ғана түсіндік. Бәрі Алланың бұйрығы. Ешнәрсе істей алмаймыз”, – деді.

Талқылау