Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Дәрісін бермеген": Шымкентте тергеу изоляторында қант диабетімен ауыратын күдікті көз жұмды

Шымкентте тергеу изоляторында қамалған күдікті жансақтау бөлімінде көз жұмды. Қант диабетіне шалдыққан Бейбарыс Сүлейменнің жағдайы тергеу изоляторында күрт нашарлап, ауруханаға жеткізілген екен.  Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі 31-арнаның Информбюро жаңалықтар бағдарламасына сілтеме жасап хабарлайды. 

Видеодан скриншот

Марқұмның туыстары оған инсулинді апарып берген, алйда олар полицейлердің дәріні жігітке жеткізбеген айтады. 30 жастағы ер адам заңсыз ойын бизнесін ұйымдастырды деген күдікпен жеті айдан бері қамауда болған.

Гүлшат Байназарова бір апта бұрын ұлын жер қойнына тапсырды. 7 ай бұрын тергеу абақтысында жатқан жігіттің жағдайы 14 қарашада күрт нашарлапты. Себебі дәріге тәуелді күдікті қант диабетіне шалдыққан.

“Үш күн инсулинсіз қалып қалдым. Инсулинім жетсе, инем жетпей қалады” деп балам айтатын 1,5 күн инсулин алмағанын мекеменің басшысы Ерлан да біледі. Мен ештеңе сұрап жатқан жоқпын. “Үй қамақты бермей жатырсыңдар, ең болмаса инсулинын жеткізіп беріңізші” деп өтініп едім”, – деді марқұмның анасы  Гүлшат Байназарова. 

Науқас жансақтау бөлімінде жан тапсырған. 

“Айдың басында алып, 5-не дейін бірден Бейбарысқа апарып береміз. Посттан өткеннен кейін олар әрі қарай жеткізбеді. Түрмеден келген заттарды ашып қараған кезде бір пакет инсулин келді. Қорапшасы ашылмаған, бір бума инелер де тұр”, – деді марқұмның әйелі Ботагөз Мелдеш.

Қазір бұл іске қатысты тергеу басталды. Құзырлы орган өкілдері күдікті дәрі-дәрмекті уақытылы алып, оған барлық ем-дом көрсетілді деді.

“Қазіргі таңда денсаулық сақтау басқармасы мен қылмыстық атқару департаменті бірлесіп, қызметтік тексеру тағайындалды. Тергеу изоляторының емханасы 11 емхана қамтамасыз етеді. Қызметкерлердің мәліметі бойынша барлық емдік шаралардың бәрі көрілген. Өздерінде белгілер бар”, – деп мәлімдеді Шымкент қаласы және Түркістан облысы бойынша қылмыстық атқару жүйесі департаменті бастығының орынбасары Ермек Жалғасбаев.

Сот-медициналық сараптама бір айдан соң шығады.

30 жастағы марқұмның артында екі қызы мен 4 айлық ұлы қалды. Ол кенжесін көре алмай, көз жұмды. Қара жамылған отбасы кінәлі адамдардың жазалануын талап етеді.

Талқылау