Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Дәрігердің орнын алмастырмайды, жұмысын жеңілдетеді": Қазақстанда ЖИ медицинаның қай салаларына енді

ЖИ және медицина
Фото: Фото Chat GPT көмегімен жасалды

Қазақстанның медицина ұйымдарында жасанды интеллектті қолдануға негізделген 17 бағыт бойынша пилоттық және тәжірибелік жобалар іске асырылып жатыр. Денсаулық сақтау министрлігінің хабарлауынша, бұл шаралар дәрігердің жұмысын жеңілдетуге және диагноз қоюдың дәлдігін арттыруға көмектеседі. Stan.kz сайты ЖИ Қазақстан медицинасының қай салаларына енгізіліп жатқанын анықтап көрді.

 

Жасанды интеллект медицинаның қандай бағыттарына енді?

Денсаулық сақтау министрлігінің бізге берген дерегінше, қазір еліміздің медициналық ұйымдарында жасанды интеллектті қолдануға негізделген 17 бағыт бойынша пилоттық және тәжірибелік жобалар іске асырылып жатыр.

Олардың ішінде ең ірілері:

  • Cerebra жобасы – инсульттің белгілерін ерте анықтауға арналған. Бұл жүйе клиникалық зерттеулерден сәтті өтіп, бүгінге дейін 150 мыңнан астам компьютерлік томография нәтижесін талдауға мүмкіндік берді.
  • AI Dentis – стоматологиялық рентген суреттерін автоматты түрде талдайтын жасанды интеллект жүйесі. Ол дәрігерге диагноз қою кезінде қосымша көмек көрсетеді.
  • WDSOFT жобасы – радиологиялық зерттеулерді талдау арқылы онкологиялық ауруларды ерте анықтауға және зерттеу нәтижелерін өңдеу уақытын қысқартуға бағытталған.
  • Alima цифрлық көмекшісі медициналық ұйымдарда пилоттық режимде енгізіліп жатыр. Ол пациенттермен өзара байланысты жеңілдетуге және медициналық қызметтердің қолжетімділігін арттыруға бағытталған.
  • SmartECG жобасы электрокардиография нәтижелерін қашықтан талдауға мүмкіндік береді.
"Бұл жобалардың барлығы дәрігердің жұмысын жеңілдетуге, диагноз қоюдың дәлдігін арттыруға және пациентке қажет көмекті уақытында көрсетуге бағытталған. Министрлік үшін бұл бағыттағы басты қағидаттардың бірі – кез келген жаңа технология алдымен қауіпсіздігі, тиімділігі және клиникалық пайдасы дәлелденген жағдайда ғана медициналық тәжірибеге енгізіледі. Ең басты мақсат – әр азаматтың сапалы әрі уақытылы медициналық көмек алуына жағдай жасау. Осы бағытта Денсаулық сақтау министрлігі медицина саласына заманауи цифрлық технологияларды, оның ішінде жасанды интеллектіні кезең-кезеңімен енгізіп келеді", – деп атап өтті министрлік.

Жасанды интеллект диагноз қою кезінде көмекші құрал

Министрліктің хабарлауынша, бүгінде жасанды интеллект ең әуелі диагностикалық медицинада қолданылып жатыр. Өйткені дәрігерлер күн сайын мыңдаған рентген, компьютерлік томография, магнитті-резонанстық томография және маммография нәтижелерін қарайды. Жасанды интеллект осы зерттеулерді жылдам талдап, дәрігерге қосымша ақпарат береді және диагноз қою кезінде көмекші құрал ретінде пайдаланылады.

"Мысалы, бұл технология өкпе обыры, сүт безі обыры, пневмония, инсульт сияқты әлеуметтік маңызы бар аурулардың алғашқы белгілерін ерте анықтауға мүмкіндік береді. Ауру неғұрлым ерте анықталса, емнің нәтижесі де соғұрлым тиімді болады. Сонымен қатар жасанды интеллект стоматологияда, кардиологияда, неврологияда және алғашқы медициналық-санитарлық көмек көрсету саласында да енгізіліп жатыр. Мысалы, стоматологиялық рентген суреттерін талдайтын жүйелер дәрігерге қосымша қорытынды ұсынып, диагностиканың сапасын арттыруға көмектеседі", – делінген министрлік хабарламасында.

Бүгінде министрлік жасанды интеллектіні медицинаға енгізудің бірыңғай тәртібін қалыптастырып, оны қауіпсіз әрі тиімді пайдалану бойынша нормативтік негізді жетілдіріп жатыр. Бұл технологиялардың барлығы азаматтардың денсаулығын қорғауға және медициналық көмектің сапасын арттыруға бағытталған.

"Ең маңыздысы – жасанды интеллект дәрігердің орнын алмастырмайды. Соңғы медициналық шешімді әрдайым дәрігер қабылдайды. Жасанды интеллект – дәрігердің жұмысын жеңілдететін және диагноз қоюдың дәлдігін арттыруға көмектесетін қосымша құрал", – деп ескертті министрлік.

Жасанды интеллект пациенттерге қалай пайдалы бола алады?

Жасанды интеллекттің басты пайдасы – азаматтардың сапалы медициналық көмекті уақытында алуына мүмкіндік беру дейді дәрігерлер. Технология медициналық зерттеулерді жылдам өңдеуге көмектеседі, дәрігердің жұмысын жеңілдетеді және ауруларды ерте анықтау мүмкіндігін арттырады.

"Нәтижесінде диагноз қою уақыты қысқарады, медициналық көмектің сапасы артады, емдеуді ертерек бастауға мүмкіндік туады, дәрігерлердің жұмыс тиімділігі жоғарылайды. Сонымен бірге жасанды интеллект қашықтан медицина қызметін көрсету мүмкіндігін кеңейтуге ықпал етеді. Бұл әсіресе ауылдық жерлерде тұратын азаматтар үшін маңызды. Олар бейінді мамандардан кеңесті қашықтан ала алады. Министрлік үшін ең басты құндылық – халықтың денсаулығы. Сондықтан барлық цифрлық шешімдер азаматтарға көрсетілетін медициналық көмектің сапасын, қауіпсіздігін және қолжетімділігін арттыруға бағытталған", – деп атап өтті Денсаулық сақтау министрлігі.

ЖИ медицинадағы ең өзекті қандай мәселені шешуге көмектеседі?

Министрлік өкілдерінің айтуынша, жасанды интеллект ең әуелі ауруларды ерте анықтау мәселесін шешуге көмектеседі. Мысалы, ол өте үлкен көлемдегі медициналық ақпаратты қысқа уақытта талдап, дәрігердің назарын адам көзі бірден байқамауы мүмкін өзгерістерге аударады. Сонымен қатар жасанды интеллект дәрігерлердің жұмыс жүктемесін азайтып, зерттеу нәтижелерін өңдеу уақытын қысқартады. Бұл медицина қызметкерлеріне пациентпен жұмыс істеуге көбірек уақыт бөлуге мүмкіндік береді.

"Жасанды интеллектің өте үлкен көлемдегі медициналық ақпаратты қысқа уақытта талдауы әсіресе онкологиялық аурулар, инсульт, өкпе аурулары және жүрек-қан тамырлары ауруларын диагностикалау кезінде маңызды. Тағы бір маңызды мәселе – шалғай елді мекендердегі медициналық көмектің қолжетімділігі. Цифрлық технология мен телемедицина мүмкіндіктері кеңейген сайын тұрғындардың білікті мамандардың кеңесін алу мүмкіндігі де артып келеді. Жасанды интеллекттің негізгі міндеті – дәрігерді алмастыру емес, оның мүмкіндігін күшейту. Ал барлық жаңашылдықтың түпкі мақсаты – әр азаматтың денсаулығын сақтау және медициналық көмектің сапасын арттыру", – деп түйіндеді Денсаулық сақтау министрлігі.
Еңлік Сақтан
Дүйсенбі, 27 Шілде, 2026 14:00