Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Дәрігер Шумковтың өлімінен кейін әріптестері президентке петиция жолдады

Юрий Шумковтың өлімінен кейін дәрігерлер президентке петиция жолдап, дәрігерлерді қорғауын сұрады. Олар қылмыскерге ең қатаң жаза тағайындап, ашық сот өткізуді талап еткен. Сонымен қатар медицина қызметкерлерінің мәртебесін жоғарлатып, жалақыны көтеруді қалайды. Ал денсаулық сақтау министрі дәрігерлер өтінішін қанағаттандыратын заң жобасының дайын екенін мәлімдеді, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі КТК арнасына сілтеме жасап. 

дәрігер

Өз мәлімдемелерінде дәрігерлер медицина қызметкерлерінің қылмыскер нысанына айналғанын айтады. Полицейлер танымал гастроэнтерологтың өліміне қатысты тергеу деректерімен бөліспеген, бірақ Шумковты өзі емдеген науқастың өлтіруі мүмкін екенін де жоққа шығармады.

"Сізден қылмыскерге ең қатаң жаза тағайындауды сұраймыз. Медицина қызметкерлерінің қатысуымен ашық сот өткенін қалаймыз. Медицина қызметкерлерінің құқығын қорғап, мәртебесін көтеруді, материалдық тұрғыдан қамтамасыз ету, әлеуметтік жеңілдіктер жасап, заңдық негізде белгілеуді сұраймыз", – делінген дәрігерлер жолдаған петицияда. 

Өз хаттарында дәрігерлер пандемия кезінде өмірлерін қатерге тігіп, жұмыс істегендерін алға тартты. Бірнеше күн кезекшілік етіп, қаңтар оқиғасы кезінде жаралыларды құтқарғандарын айтады. Енді мамандар өздері де көмек сұрайды. Ал Денсаулық сақтау министрлігі медицина қызметкерлерінің құқығын қорғауға қатысты заңның дайын екенін мәлімдеді. 

"Заңды кешенді деп атауға болады. Дәрігер мәртебесі, әлеуметтік және материалдық қолдау, қаржылық тұрғыдан қорғау сауалдары көтерілді. Сонымен қатар медицина қызметкерлерін түрлі жағдайда қылмыстық жауапқа тартылмауы үшін кәсіби сақтандыруға қатысты сұрақ та көтерілген", – деді Денсаулық сақтау министрі Ажар Ғиният. 

Министр науқастардың да сақтандырылатынын айтады. Азаматтар денсаулықтарына келген зиян үшін өтемақы ала алады. Қаза тапқан Юрий Шумков туралы министр Ажар Ғиният пікір білдіріп, дәрігердің өз ісінің маманы болғанын айтты. Оған науқастар да сенім білдірген. Әрі барлығы құрметтейтін дейді. Көршілері де Шумковтың білімді, жомарт адам болғанын айтады. 

"Өте тыныш, сабырлы, білімді адам еді. Ешқашан дөрекі сөйлемейтін. Көршілерімен жанжалдасқан емес", – дейді марқұм Юрий Шумковтың көршісі. 

Дәрігердің отбасына Алматы әкімі Ерболат Досаев көңіл айтты. 6 сәуірде Юрий Шумковты жер қойнына табыстайды.

Талқылау