Дариға Назарбаева: Қазақ әйелі ешқашан паранжа кимеген және әрқашан қадірлі болған
Мәжіліс депутаты, Қазақстанның тұңғыш президентінің қызы Дариға Назарбаева қазақ әйелінің қоғамдағы рөлі жайлы және әкесінің оны қалай тәрбиелегені туралы айтты, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі.
"Qazaq: history of the golden man" деректі фильмі кезінде режиссер Оливер Стоун Дариға Назарбаевадан қазақ даласында паранжа кию дәстүрі болған ба деп сұрады.
"Біздің дәстүрімізде мұндай ешқашан болған емес, қазақ әйелі әрқашан қоғамдағы ерекше, құрметті және қадірлі орынды иеленген – әйел үйдің қазығы, ошақтың иесі. Мен мұны тіпті өз отбасымнан білемін", – деп жауап берді мәжілісмен.
Сонымен қатар Назарбаевтың үлкен қызы отбасында әкесіне деген құрмет ерекше болғанын атап өтті. Балалар оны жоғары лауазымды адам ретінде емес, әке ретінде бағалап, құрметтеген.
"Мен президенттің отбасында өспедім, ол ешқашан өзінің жұмысына қатысты мәселені айтпайтын, үйде біз оның карьерасын және қандай лауазым атқарып жүргенін талқыламайтын едік. Біздің анамыз оған зор құрметпен қарады. Ол кешке шаршап келген кезде, бәріміз оны қарсы алуға жүгіретінбіз, тәпішкесін беріп, киімін шешуге көмектесетін едік", – деп еске алды Дариға Назарбаева.