Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

“Миының жарты бөлігін алып тастаған": Алматы облысында әскери бөлімде жарақат алып, алты ай бойы комада жатқан сарбаздың анасы әділдік талап етті

Алматы облысында Бауыржан Момышұлы атындағы 5571 әскери бөлімінің сарбазы Ербаян Мұхтар 6 айдан бері комада жатыр. Науқастың анасы Гүлсім Қамиева ұлының еденге тайып құлап, жарақат алғанына сенбейтінін жеткізді. Айтуынша Ербаян алғашында ауруханаға түскен кезде есін жиып, өзін ұрғанын басын изеп, растаған. Ал кейін жігітке дәрігерлер ата-анасының рұқсатынсыз тағы ота жасап, миының жарты бөлігін алып тастаған екен. “Тіпті тергеу де жүріп жатқан жоқ” деген жігіттің анасы мен адвокаты істің әділ шешілуін талап етіп отыр. Олар бұл істі қоғам Бишімбаевтың соты секілді назарда ұстауы керек дейді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

Фото желі кадрларынан

Гүлсім Қамиева баласының ауруханаға түскенін алғаш естігенде сенбегенін айтады. Себебі Ербаянның денсаулығында ешқандай кінәрат болмаған екен. 

“Балам кішкентай кезінен ешқашан ауырған емес. Маған хабар келгенде сенбедім. Қайта хабарласқанымда “уайымдамаңыз, бәрі жақсы” деді. Алайда ана жүрегі бәрін де сезеді. Кейін ауыр қалде екенін білдім.

Ауруханаға келдім, баламды көріп, оны фотоға түсірме деген дәрігермен келіспей қалдым. Кейін әскери бөлімге барып, кіруге рұқсат алдым. Ондағылардан маған ұлымның қай жерде құлағанын, қай жерден тамақтанып, қай жерде жүргенін көрсетуін сұрадым. Құлаған жерін көргенімде баламның бойымен мүлде сәйкес келмейтінін түсіндім”, – деді Ербаянның анасы. 

“Балам дәретханада құлап қалыпты: “Неге ертегі айтып тұрсыңдар?” 

Гүлсім Қамиеваның айтуынша, ұлының басының шүйде жағында, төбесінде жарақат болған, мұрны сынған. Сол себептен анасы оның құлауы мүмкін емес екеніне сенімді. 

“Балам өз-өзін дәретханада ұрғыламаған шығар? Тіпті құлаған жағдайда да адамда қорғану реакциясы жүріп, қолымен, шынтағымен, иығымен тірейді ғой. Олар ұрған ғой! “Неге ертегі айтып тұрсыңдар?” деп айттым. Олар маған ұлымның әжетханаға кіріп, алдымен үлкен дәретке, кейін кіші дәретке отырғаннан кейін құлағанын айтты. Мен сенбеймін. Сол күні оқиға орнында болған сарбаз Жұмабековтың қалай қобалжып сөйлегені көрініп тұрды. Ол қалшылдап қорқып, дірілдеп тұрды. Ал сол мән-жайдың басы қасында болған сержант Совет Сайлаубек болса, Жұмабековтың айтқандарымен келіспейтін дүниелерді айтты. Тіпті оның алдында Жұмабеков те қорқып тұрды. Меніңше, бұл жағдайға сержант Сайлаубек кінәлі ”, – деп қосты ол. 

Ол кейін камерадағы кадрларды қарағанын да алға тартты. 

“Камерадан Жұмабековтың дәретханадан шыққаны көрінеді. Ол жатын бөлмеге барып, Ербаянды шақырып, кейін өзі әжетханаға кіріп кетеді. Ал Ербаянның ол жерге бармағаны бейнеленген. Кейін Жұмабеков қайта шығып, қайта жатын бөлмеге барған. Сол кезде ұлым да оның артынан еріп, дәретханаға кірерде дәптерге қол қойып, кірген. Сәл уақыттан соң Жұмабеков шығып Ербаянның құлап қалғанын айтқан”, – деді Гүлсім Қамиева. 

“Баламның киімдері, ішкиімі қайда?”

Ербаянның анасы камерада бірнеше адам жиналғанын көргенін айтты. 

“Дәрігерлер келіп ұлымды алып кеткеннен кейін сержант Сайлаубек әжетхана алдында бірнеше минут ойланып тұрып қалғаны көрінеді. Басқаларының бәрі тарап кеткен. Сержант кейін кезекшіге дәретхана еденін сүртуді тапсырады. Ал кезекші Невальный іштен Сайлаубектің белбеуін алып шығады.

Мен Сайлаубекке белінде бір белбеуі бар, неге екіншісін өзімен алып жүргенін сұрадым. Ол маған “бір емес, екі белбеу тағу әдетке айналған” деп жауап берді. Бәрі айдан анық көрініп тұр. Олардың қобалжығаны, телефонмен арғы жаққа барып біреуге хабарласқаны бәрі жазылған”, – деп қосты ол. 

Гүлсім Қамиеваның айтуынша, ұлын ауруханаға апарғаннан кейін дәрігерлер оның киімін жыртып тексеруге кіріскен. Ал шешілген киімі кейін қайда екені белгісіз. 

“Неге дәрігерлер баламды бірден жансақтау бөліміне апармай, алты сағат күткен? Оның басында қан ұйып, гематома пайда болғанша ештеңе жасамаған. Дәргерлер “гематома кішкентай болды, өзі кетеді екен деп ойладық” деп жауап берді. Сағат 22:00-де ота жасап, 00:00-де біткен. Біз жеткенше ота аяқталған. 

Қазір шыққан сараптамадағы киім менің баламдікі екеніне сенбеймін. Баламның киімдері қайда? Ішкиімі қайда, ешкім білмейді”, – деді анасы. 

Фото желі кадрларынан

“Иә, мені ұрды” деп тұрған жігітке ота жасап, қайтадан сөйлемейтін жағдайға жеткізді...”

Ербаянның осы отадан соң 19 күннен кейін комадан шығып, беті бері қараған. Гүлсім Қамиеваның айтуынша ол кезде ұлының көзін ашып, сұраған сұрақтарына жауап берген. Іс-қимылмен белгі беріп, бәрін түсіндіріп отырған. 

“Екі-үш күннен соң “Ербаян айтасың ба, сені біреу ұрды ма” дегенімде басын изеп жауап берді. Кейін мен бәлкім дұрыс түсінбеген шығармын деп, әкесіне де сұратқыздым. Әкесі сұрағанында да басын изеп, растаған екен. Кейін әкесі адвокаттарға баланың “ұрды” деп айтқанын жеткізген. Ал адвокаттар әскери қызметкерлерге сұрау жолдаған”, – деді анасы. 

Дәрігерлер бір-екі аптада Ербаянның палатаға шығарылатынын айтқан. Бірақ осы жағдайдан соң кенет оны әскери ауруханаға ауыстырған.

Адвокат Инга Иманбайдың айтуынша, сол жерде есін біліп, “иә, мені ұрды” деп тұрған жігітке анасының рұқсатынсыз ота жасап, ол қайта комаға түскен. 

“Әскери ауруханада оның миының бір бөлігін алып тастаған. Ал қазір ауыр қалде жатқан баланы Астанадағы жабық госпиталға алып кетеміз деп отыр. “Иә мені ұрды” деп тұрған жігіт қайтадан сөйлемейтін жағдайға түседі”, – деді адвокат.

Гүлсім Қамиеваның айтуынша, дәрігерлер мұны Ербаянның басында ірің қалып қойғандықтан жасадық деп айтып, ақталған. 

Қазір Ербаян комада ауыр қалде жатыр. Анасының айтуынша, ұлының тек сүйегі мен терісі ғана қалып, қатты азып кеткен. 

“Салтанат Нүкенованың соты секілді, қоғам болып қорғауымыз керек”

Ал адвокат Инга Иманбай әскерилер тарапынан Ербаянның ата-анасына қысым көрсетіліп жатқанын айтты. Олар ауыр қалдегі, жолға тіптен жарамайтын жігітті Астанаға әскери ауруханаға апаруға мәжбүрлеп жатыр екен. Тіпті қазір жігіт ем алып жатқан 12 аурухананың өзі егер баланы ауыстырмаса қарамай, емханадан шығаратынын айтып отыр. 

“Бас ми жарақаты, баланың басында ойық жарақаттар бар. Оның мұрны сынғаны тіпті аурухананың жазба дерегінде көрсетілмеген. Өзі құласа, медицинаның өзі жазып тұрған травмалар болуы мүмкін емес. Басты мәселе қылмыстық іс ашылсын. Жеті азамат тез тергеуге алынуы керек. 

Салтанат Нүкеноваға қатысты сотты білеміз. Неге резонанс тудырды? Себебі елімізде осындай жағдайда қаза табапқан әйелдер көп. Бұл іс те тура сол сияқты. Елімізде жыл сайын әскери борышын өтеуге кеткен ондаған азамат қаза табады. Біз Ербаян Мұхтардың ісіне кінәлілерді қылмыстық жауапкершілікке тарту арқылы барша балаларды қорғаймыз. Сондықтан қоғамдық күшпен неге Ербаянды да қорғамасқа?”, – деді Инга Иманбай.

Адвокат пен анасы бұл істі тергеуге алып, Ербаянның 12 ауруханада қалып ем алуын сұрап отыр

Талқылау