Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Damumed қосымшасының айналысында тағы шу шықты: Алматы тұрғыны жеке ақпараттардың таралуына бағдарламаны кінәлауда

Алматының Гүлім Әмірханова есімді тұрғыны жеке ақпараттың таралып кетуіне байланысты Damumed қосымшасын сынға алды. Сөзінше, ол жақында бөтен баланың оның қосымшасында тіркеулі тұрғанын анықтаған, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі. 

Дамумед

Алматылық әйел жақында осы қосымшаны жүктеп, оған тіркелгенін айтады. Ары қарай өзінің жеке ақпараттарымен танысқысы келген ол балалары деген жерде бөтен қыз баланың тұрғанын байқаған. 

"Бүгін мен "ана атандым". Менің төрт жастағы қызым бар екен. Мен ол қыз баланың қай дәрігерге барғанын ашып қарай аламын. Шын мәнінде, менің балаларым жоқ. Ал төрт жыл бұрын мен бала босанып, оны ұмытып кетуім мүмкін емес", - дейді қала тұрғыны.

Бұған қоса ол қыз баланың ақпараттары арқылы дәрігерге бірге барған оның ата-анасы жайлы жеке мағлұматтарды білуге болатынын айтады. Мәселен қосымша арқылы бүлдіршіннің әкесі жайлы барлық ақпаратқа қол жеткізу қиын емес екен. Тіпті ер азаматтың ЖСН мен басқа да маңызды мәліметтері ашық интернет ағымында жүрген сыңайлы. 

Аталмыш дүние жайлы Damumed өкілдері пікір білдіріпті. Damumed бақылау кеңесінің төрағасы Талғат Еламановтың сөзінше, дәрігер қателесіп баланы басқа адамға тіркеп жіберуі мүмкін. 

"Қосымшаға біреу жайлы ақпарат қолмен жазылмайды. Бәлкім, бір жақта қызметкер қателесіп жазып жіберген болуы керек. Бұл қателікті адамдар жіберген. Әр өңірдің мамандарының компьютерлік сауаттылығы түрліше, сондықтан бұл әдейі істеліп отыр деп айтуға болмайды. 

Негізі кез келген адам басқа біреу жайлы мәліметтерге оңай қол жеткізе алады. Мәселен, әлеуметтік желілерді алып қарайық. Біз Гүлім Әмрханованың мәселесін қарастырамыз. Цифрлық даму министрлігі бірігіп, жұмыс істейтін боламыз", - деді ұйым өкілі. 

Айта кетейік, бұл Damumed айналасындағы бірінші дау емес. Осыдан бірнеше ай бұрын алаяқ дәрігерлер аталмыш қосымша арқылы қитұрқы әрекеттерге барып, азаматтардың ақшасын ұрлап келгені белгілі болған еді. 

Талқылау