Дәлелсіз жағымсыз пікір жазған қазақстандықтар енді сотқа шақырылады
Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте заңгер Лера Абдулхаирова еш дәлелсіз жағымсыз пікір жазған қазақстандықтарға сотқа шақырту жіберілуі мүмкін екенін мәлімдеді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Фото: Pixabay.com
Заңгер сұлулық салонында қасын жасатамын деп күйік шалған қыздың оқиғасын мысалға келтірді. Ол 2GIS-те жағымсыз пікір қалдырған кезде, салондағы мамандар ар-намысты қорғау туралы сотқа шағым түсіреміз деп қорқытқан.
Заңгердің сөзінше, ол қызға салонның бұған құқығы бар екенін айтқан.
“Интернетте пікір қалдырмас бұрын, шынымен сот-медициналық сараптамадан өтуіңіз керек. Сот шешімінен кейін ғана шынымен косметологиялық орталықта күйіп қалғаныңыз, яғни жүргізілген сапасыз процедура фактісі болса ғана пікір қалдыра аласыз. Әйтпесе қызмет көрсететін адам өзінің іскерлік беделі, ар-намысы мен абыройын қорғауы үшін сотқа жүгінуі мүмкін”, – деп нақтылады "Фемида" қалалық тұтынушылардың құқықтарын қорғау орталығы" қоғамдық ұйымының заңгері Лера Абдулхаирова.
Еске салайық, бұған дейін Алматылық жануарлар құқығын қорғаушы Айгүл Хакимова әлеуметтік желіде ер адамның суретін жариялап, итпен жыныстық қатынасқа түсті деп жала жапқаны үшін сотталғанын жаздық. Жала жабылған ер адам Хакимованы сотқа беріп, сотта жеңіске жеткен. Алайда Хакимова сот үкімімен келіспейді. Әйел TikTok желісінде судьяны әділетсіз шешім шығарды деп айыптап, өзіне үлкен айыппұл салынғанын айтып, видео жариялаған.