Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Дәлелді сөйлеуі керек еді": Ертісбаев жәбірленуші тараптың адвокаты Игорь Вранчевтің үстінен іс қозғауды сұрады (видео)

Халық партиясының төрағасы Ермұхамет Ертісбаев Бас прокурор Берік Асыловтан Бишімбаевтың сотында Ескі Қазақстанды тілге тиек еткен жәбірленушілердің адвокаты Игорь Вранчевке қатысты іс қозғауды сұрады. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

Фото: Видеодан скрин

Ертісбаевтың айтуынша, сотта адвокат іс бойынша, Қылмыстық кодекстің белгілі бір бабы бойынша ғана сөз сөйлеуі керек еді.

“Заңды және құжаттық фактілермен шағымданып, өз ісінің шеңберінен шықпай, істі бүкіл халықтың тағдырымен байланыстырмай, дәлелді сөйлеуі керек еді. Басып өткен тарихи жолға қандай да бір саяси баға беру үшін, саяси демагогия және бос әурешілікке салынудың қажеті жоқ. Осы тұрғыдан алғанда, адвокат Вранчев Бишімбаевқа қатысты сот отырысында сұмдық сөз сөйледі. Оның айтуынша, кедейлер жек көретін адамдар – элиталық паразиттер тобы", – деді Ертісбаев.

Ертісбаевтың шағымына марқұм Салтанат Нүкенованың адвокаты Игор Вранчев жауап берді. 



“Ертісбаев өзінің Қазақстан паразиттері партиясының емес, ең алдымен Қазақстан халық партиясының төрағасы екенін ұмытпауы керек. Оның партияластары Қазақстан халық партиясының беделіне нұқсан келтіретін адамнан құтылады деп ойлаймын. Паразиттер туралы айтқан сөздерімнен кейін маған ешқандай қауіп төнген жоқ. Көшеде ит үрсе, сен кері үрмейсің. Айта берсін. Бұл – жай ғана олардың белгілі бір пікірі”, – деді Вранчев. 

Бұған дейін адвокат Лейла Рамазанова да Қуандық Бишімбаев Қазақстан тәуелсіздігін алған кезде 10 жаста болғанын, сондықтан ол сол кездегі жайттарға жауап бере алмайтынын айтқан еді.

Ал адвокат Вранчев 2 мамырда “Егер ол түрмеге отырмаса, басқалары да 30 жыл бойы жалғасып келе жатқан заңсыздық пен жазасыздықты тоқтатпайды” деген еді.

“Әр азаматтың тағдыры сіздердің қолдарыңызда. Өйткені менің ойымша, Бишімбаевтың бостандыққа шығуына мүмкіндік бермей, оны кінәлі деп тауып, дұрыс шешім шығарсаңыздар, бүкіл Қазақстанды, бүкіл халқымызды элиталық паразиттерден азат етесіздер”, – деген еді адвокат. 

Талқылау