COVID-19: Сәуірде 1 миллионнан астам қазақстандық вакцина алады
Сәуір айында Қазақстанда 1 млн-нан астам адамды COVID-19-ға қарсы вакцинациялау жоспарлануда. Бұл туралы ҚР Денсаулық сақтау министрі Алексей Цой мәлім етті, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі.
«Сәуір айында Қазақстанда 1 млн-нан астам азаматты COVID-19-ға қарсы вакцинациялау жоспарлануда. Республика бойынша халықты КВИ-ге қарсы кезең-кезеңімен вакцинациялау жалғасуда. Бүгінгі күні еліміздің өңірлеріне 145 мың доза вакцина жеткізілді, ал ағымдағы жылғы наурыздың соңына дейін қосымша 150 мың дозаны жеткізу күтілуде», - деді Цой.
Министрдің сөзінше, 2021 жылғы 19 наурыздағы жағдай бойынша 100 мыңнан астам адамға екпе егілді.
"Оның ішінде 63 мыңнан астам медицина қызметкері, 22 мың педагог, күш құрылымдарының 7 мың қызметкері, 8 мың – азаматтардың басқа санаттары. Иммундаудан кейінгі қолайсыз көріністердің ауыр жағдайлары тіркелген жоқ. Бұл ретте егілген адамдардың 1%-ында күтілетін реакциялар, мысалы, дене температурасы көтерілген тұмауға ұқсас жай-күйлер, жалпы әлсіздік, сондай-ақ вакцина енгізілген жердің ісінуі және қызаруы түріндегі жергілікті көріністер тіркелуде", - дейді ол.
Халықты одан әрі иммундау мақсатында ағымдағы жылдың сәуір айында 1 млн-нан астам азамат вакцинацияланатын болады.
Осыған байланысты созылмалы аурулары бар диспансерлік есепте тұрған, 65 жастан асқан адамдарды, сондай-ақ азаматтардың басқа да санаттарын қоса алғанда, вакцинациялауға жататын халық топтарын кеңейту көзделуде.