Түркістан облысында ер адам 11 жасар қызды зорламақ болып, соққыға жыққан
Түркістан облысының Кентау қаласында ер адам аулада жүрген кішкентай қызға шабуыл жасап, оны ұрып-соғып, азғындамақ болған деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі.
Оқиға 26 сәуірде болған. Кішкентай қыз ауладағы дүкенге шыққан кезде, ер адам артынан ерген.
“Оны құшақтап, аты-жөнін, жасын сұрап, қырындаған. “Анам күтіп отыр” дегенінде, “күтсін” деп тап берген. Тұншықтырып, таспен бетінен ұрған. Көршілері көріп қалғандықтан, қаскөй қорқып қашып кетті”, – деп жазды қоғам белсендісі Дина Таңсәрі.
Түркістан облысының полициясы қаскөйдің ұсталғанын хабарлады.
"Тексеру барысында сағат 20:30 шамасында аулада ойнап жүрген қызды белгісіз адам себепсіз ұрғаны анықталды. Жүргізілген жедел-іздестіру іс-шараларының нәтижесінде оқиғаның бейнежазбасы бойынша ер адам табылды. Ол полиция бөліміне жеткізілді. Ер адам бұрын сотталған жергілікті тұрғын болып шықты. Кентау қаласының полиция бөлімшесінде бұл факт ҚК 293-бабының 1-бөлігі "Бұзақылық" бойынша тіркелген”, – деп мәлімдеді Түркістан облысы ПД баспасөз қызметі.
Осыншама зәбір көрсеткен ер адамның бұзақылық бойынша ғана тергеліп, қамауға алынбағанына халық наразылық білдірді.
Қазіргі уақытта қылмыстық құқық бұзушылық ҚК 24-бабының 3-бөлігі, 120-бабының 4-бөлігі “Баланы зорлауға оқталу” бойынша қайта біліктілендірілді. Күдікті қамауға алынды. Барлық жағдайлар анықталуда. Жәбірленушінің жағдайы қанағаттанарлық. Барлық қажетті сараптамалар тағайындалды.
Іс Түркістан облысы ПД басшылығының бақылауында.