"Бұйырмады": Сөз байласқан аруы өзгеге тұрмысқа шығып кеткенін айтқан Өктем Алтаев махаббат оқиғасымен бөлісті
Белгілі әнші Өктем Алтаев “Ұйқым келмейді” бағдарламасында “Не жаздым мен жаным саған”, “Жаным” атты екі хит әннің шығу тарихын баяндап, жұбайымен қалай танысқанын айтып берді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
©instagram.com/oktem_altayev
“Не жаздым мен жаным саған” менің бірінші жазған әнім. Ол альбом жазбай тұрып халық арасында таралып кетті. Бір қызбен сөз байласып, үйленетін болып соған қарай жоспарлап құрып жүрдім. Бірақ ол қыз маған бұйырмады. Мен ауылдың баласы болғандықтан сәл ұяңдау болдым. Қыздарға пысық, еті тірі, шоқ жігіттер ұнайды ғой. Мен сәл сенімсіздік таныттым ба, басқа жігітке тұрмысқа шығып кетті. Мені таңдамады. Бірақ екеуіміз үйленетін болып келісіп қойған едік. Ол қыз тұрмысқа шығып кеткен соң мен бірден күйзеліске түсіп кеттім. Үйленбей жүріп алдым. 25 жасымда үйлендім. Бірақ ол кездері 25 жас ер жігіт үшін өте кеш болатын. 2-3 жыл күйзелісте жүрдім. Қыздардың атын айтса, қашатынмын”, – дейді Өктем Алтаев.
Өнер иесін күйзелістен қазіргі жары, төрт баласының анасы алып шыққан. Өктем Алтаевтың “Жаным” деген хит әнін жұбайына арнаған екен.
“Сөйтіп жүргенде Ташкент қаласына бардым. Достарым қызбен таныстырмақ болып еді, мен ат тонымды ал қаштым. Қызды әдемі, жақсы отбасыдан шыққан деп сипаттады. Содан 6 шілде күні бардым. Сол қыздың үйінде туған күн болып жатыр екен. Өзін бір-ақ рет көрдім. Маған бір қарады да жоқ болып кетті. Қашан келеді деп елеңдеп отырдым. “Енді жанымнан кетпеші, мен сенен сұранамын” деген жер сол ғой. Бір көріп ғашық болып қалдым. Соңына дейін көрінбеді, кейін өзім іздеп бардым. Бір рет вальске шақырып, вальс биледік. Содан үйге келдім, түнімен ұйықтай алмадым. Таң атқанша сол қыздың бейнесі көз алдымнан кетпеді. Анама келіп үйленетінімді айттым. Сол жылдары қиын заман болды, тойға ақша жоқ. Анам біраз кідіре тұруымды өтініп еді, мен “сол қызға үйленбесем өлемін” деп бой беремедім. Екі рет кездестік, үшінші кездесуімде алып қаштым. Бізде алып қашу қалыпты нәрсе болса, Ташкент жақта алып қашуға болмайды екен. Кейін қайта апарып тастап, құда түсіп, батасын алып, той жасап алып келдім”, – дейді әнші жастық шағын еске алып.
Бұған дейін өнер иесі өзінің шын есімі Октябрь екені жайлы және оның тарихы туралы баяндаған болатын.