"Қазақмыс" компаниясына елден сирек кездесетін металдарды заңсыз экспорттады деген айып тағылды
Өткен аптада "Қазақмыс" компаниясының төңірегінде дау шықты. Тау-кен компаниясының бұрынғы қызметкері Бақыт Әділова "Гиперборей" YouTube-арнасында оның бұрынғы жұмыс берушілері сирек жер элементтерін елден заңсыз экспорттап жатқанын мәлімдеді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Фото: Видеодан скрин
"Қазақмыс" корпорациясы" ЖШС химиялық зертханалар бөлімінің бұрынғы меңгерушісі Бақыт Әділованың айтуынша, корпорация кен шикізатындағы металдардың құрамын дұрыс емес есептеу әдістерін қолданып, бұрмалайды.
"2019 жылы Балқаш және Жезқазған облыстарындағы екі химиялық зертхана шетелдік компанияға аутсорсингке берілді. Онда кен шикізаты мен оның өңделген өнімдеріндегі металл құрамын бұрмаланған. Бүкіл әлемде металдарды есепке алу үшін жоғары дәлдіктегі химиялық талдау әдістері қолданылады. Ал "Қазақмыс" рентгендік спектрлік әдісті қолданып экспресс талдауға жүгінеді. Бұл мәселе бойынша химиктер президентке де жүгінді. Дегенмен белгіленген ережелерге қарамастан, "Қазақмыс" корпорациясы Жезқазған аймағындағы рентген-спектрлік талдау зертханасын аккредиттеуден сәтті өтті. Бұл факт аккредиттеу туралы заңды тікелей бұзу ғана емес, кендегі және оны өңдеу өнімдеріндегі металл құрамын бұрмалауды заңдастыру. Сондай-ақ рентген-спектрлік әдіспен экспортталатын кен шикізатының сертификаттық талдауы бойынша растайтын құжаттар құқық қорғау органдарына берілді", – дейді Бақыт Әділова.
Бақыт Әділованың айтуынша, "Қазақмыстың" сапа жөніндегі директоры химиялық талдауды толығымен алып тастап, басқа рентген-спектрлік зертханаларды аккредиттеуді көздеп отыр.
Elge Qaitaru активтерді қалпына келтіру қорының директоры Оразалы Ержановтың сөзінше, корпорация осылайша елден сирек кездесетін металдарды заңсыз экспорттап отыр.
Сирек жер элементтері "Жаңа мұнай" деп аталады. Сарапшылардың айтуынша, бұл пайдалы қазбалар жақын арада үлкен сұранысқа ие болады. Себебі сирек металдар күн және жел электр станцияларында экологиялық таза энергия өндіру үшін кеңінен қолданылады.
Қазір сирек жер элементтерінің негізгі жеткізушісі Қытай. Аспан асты еліне жеткізілетін металдардың бір бөлігі Қазақстаннан барады. Оның үстіне, сирек жер элементтері біздің елден заңсыз экспортталған болуы мүмкін. Ал экономикаға келтірілген жалпы шығын шамамен 4 триллион теңге.
Бұл жағдай Солтүстік Қазақстан облысындағы атышулы "Тиолайн" ЖШС кәсіпорнымен тікелей қатысты. Бұл кәсіпорын үшін акционерлер әлі күнге дейін соттасып жатыр. Олар сотта Обуховский кен орнында кімнің үлесі көп деген мәселені шеше алмай келеді. Үлескерлер сотта таласып жатқанда ол жерден металдар белсенді түрде Қытайға сату үшін өндіріліп жатқан.
Компанияны Виктор Долгалев басқарды. Энергетика министрлігі металл өндіруге 2006 жылы рұқсат беріп, барлау жұмыстарының жоспарын, өндіріс пен жабдықтарды жаңғыртуды және әлеуметтік міндеттемелерді бекітті.
Кейіннен компанияға тексеріс жүргізіліп, 40 миллиард теңгеден астам міндеттемелердің жартысынан сәл астамы компанияға инвестицияланғаны анықталды. Осыған байланысты 2021 жылы Энергетика министрлігі кәсіпорынмен келісімді бұзды. Бірақ "Тиолайн" ЖШС 2024 жылға дейін кен өндіріп, өңдеуді жалғастырды.
Мәліметке сәйкес, сараптамалық бағалау бойынша компания 1,6 миллион тонна титан-цирконий кенін заңсыз өндірген. Металдардың құрамы келесідей: цирконий – 3,49%, титан – 2,03%, темір – 57,73%, хром – 0,13%, гафний – 0,08%, марганец – 0,19%, иттрий – 0,37%, ниобий – 0,2%. Кен концентратқа өңделіп, кейін Қытайға экспортталған. Элементтердің жалпы құны Лондон қор биржасының баға белгілеулерін есепке алғанда 3,9 триллион теңге болған.
Сондай-ақ "Тиолайн" компаниясының басшылары металдарды салықтар мен алымдарды төлемей сатқан. Осыған байланысты Мемлекеттік кірістер комитеті кәсіпорындарды бюджетке 250 миллион теңге төлеуге міндеттеді.
Осы процестен кейін Виктор Долгалев пен тағы бірнеше адам сот отырысына шықты, бірақ алқабилер оларды ақтады. Бұл үкім апелляциялық тәртіпте бұзылып, іс енді басқа облыстағы жаңа сот талқылауына жіберілді. Обуховскийдегі алаяқтықтан бөлек компания директорына шенеуніктерге пара бермек болды деген айып тағылды. Бұл іске адвокат Санат Құрманбаев пен Ақтау қаласы әкімінің бұрынғы орынбасары Тимур Сәдуақасовтың қатысы бар. Олар "Тиолайн" жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің ортақ иелеріне қарсы 225 миллион теңгеге қылмыстық іс қозғауға уәде берді деген күдікке ілінді.
Ақырында адвокатқа 90 миллион теңге аударылған. Содан кейін ол қылмыс туралы полицияға арыз берген. Құрманбаев жай ғана "клиентін" алдаса керек, бұған бұрынғы шенеунік Сәдуақасов көмектескен. Осыдан кейін Сәдуақасов елден қашып, шекарадан заңсыз өткен. Бірақ Өзбекстанда ұсталып, ол жерден Қазақстанға қайтарылған.
Аталған жағдайға қатысты Stan.kz ақпарат агенттігі "Қазақмыс" корпорациясынан мән-жайды сұрап білді.
"Қазақмыс" корпорациясы кен орындарын сатып жатыр, деген ақпаратты жоққа шығарды.
“Корпорация сирек кездесетін жер металдарын баркен немесе концентрат түрінде елден шығарып жатқан жоқ. Жыл басынан бері компания нақты фактімен де расталмаған түрлі қауесет пен жорамалдарға толы әңгімеге тап болып жатыр. Жорамалдар компанияны айыптауға бағытталған сараптамалық материалдарға айналып жатыр. "Қазақмыс" мұндай ақпаратты бірнеше рет жоққа шығарған еді. Мысалы, 4 наурызда "Қазақмыс" ресейлік компанияларға кен орындарын сатады деген ақпарат пайда болды. Дегенмен компания мұны жоққа шығарады”, – делінген хабарламада.
Сондай-ақ компания 5 наурызда бұрынғы қызметкердің корпорация сирек кездесетін жер металдарын баркен немесе концентрат түрінде бақылаусыз шығарып жатқанын мәлімдегенін айтты. Корпорация бұл ақпаратты да жоққа шығарды.
Айта кетейік, бұған дейін "Ақ жол" демократиялық партиясының төрағасы Азат Перуашев"Қазақмыс" корпорациясының елден сирек кездесетін және бағалы металдарды бақылаусыз шығарып, заңсыз пайда табуы мүмкін деген ақпаратқа қатысты тергеу жүргізуді сұраған еді.