Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Бұрынғы индустрия вице-министрінің компаниясы мыс пен марганец кен орындарын пайдалану құқығына ие болды

Бұрынғы индустрия және даму вице-министрі (қазіргі Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі) Арыстан Қабыкеновке тиесілі "Keneitu Ltd." жеке компаниясы Абай ауданындағы мыс кен орны мен Маңғыстау облысындағы Айт-Көкше марганец кен орны бойынша эксклюзивті жер қойнауын пайдалану құқығына ие болды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі Курсив басылымына сілтеме жасап хабарлайды. 

Фото: Primeminister.kz

Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі арнайы үкімет қаулысын жариялап, қоғамдық талқылауға шығарды. 

"Қазақстан Республикасының “Жер қойнауы және жер қойнауын пайдалану туралы" кодексінің 84-бабының 2-тармағы, 2024 жылғы 29 мамырдағы инвестициялар тарту жөніндегі кеңес отырысы хаттамасының 6.2-тармағына сәйкес, үкімет қатты пайдалы қазбаларды барлауға айрықша құқық береді. Абай облысындағы "Шунай" кен орны бойынша қатты пайдалы қазбаларды барлауға байыту-өндірістік кешен салуға (қуаты 100 мың тонна катодты мыс, инвестиция көлемі кемінде 300 млрд теңге және 800 жұмыс орнын құру). Сонымен қатар Маңғыстау облысындағы "Айт-Көкше" кен орны бойынша қатты пайдалы қазбаларды барлауға электролиттік марганец өндіруін (қуаты 20 мың тонна, инвестиция көлемі кемінде 45 млрд теңге және 150 жұмыс орнын құру) қамтамасыз етуге мүмкіндік береді", – делінген премьер-министр қол қойған қоғамдық талқылауға шығарылған құжатта.

Қаулы қол қойылған сәттен бастап күшіне енеді. Құжатты қоғамдық талқылау 9 шілдеге дейін жалғасады. Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Қанат Шарлапаев дайындаған түсіндірме хатта жобалар аясында экологиялық таза өндірістің үздік қолжетімді технологиялары енгізілетіні айтылған.

"Жобалар шеңберінде экологиялық таза өндіріс бойынша ең үздік қолжетімді технологиялар енгізіледі. Жобалар айтарлықтай серпін береді және өңдеуші өнеркәсіптің аралас салаларының дамуына мультипликативтік әсер етеді", – деді министр.

Астана қаласында тіркелген "Keneitu Ltd." компаниясының құрылтайшылары – Арыстан Қабыкенов пен компанияның бірінші басшысы Рахат Мұхтаров.

  • Арыстан Қабыкенов еңбек жолын 2001 жылы "ТАТ-2001" ЖШС-нің қаржылық басқарушысы болып бастап, кейін 2004 жылға дейін осы ұйымда қаржылық директоры қызметін атқарды.
  • 2004–2006 жылдары Қаржы министрлігінде түрлі лауазымда жұмыс істеді.
  • 2015-2018 жылдары Қазақстан Республикасы Премьер-министрі Кеңсесі Басшысының орынбасары, Қазақстанның Жапониядағы елшілігінің инвестициялар жөніндегі кеңесшісі қызметтерін атқарды.
  • 2018 жылдан 2019 жылдың 15 наурызына дейін Қазақстан Республикасы Инвестициялар және даму вице-министрі қызметін атқарып келді.
  • 2019 жылдың наурыз айынан 2020 жылдың ақпанына дейін Павлодар облысы әкімінің орынбасары лауазымында болды.
  • 2020-2022 жылдары Қазақстан премьер-министрі кеңсесі басшысының орынбасары қызметтерін атқарды. 
Талқылау