Атышулы "Ninety One-ның" продюсері Ерболат Беделхан топтан бас тартты
91 тобы мен Juz entertainment продюсерлік орталығының арасындағы келісімшарт тоқтады. Енді топ шығармашылықтарын жеке жалғастыратын болады, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі.
Жігіттердің продюсерлік орталықпен жұмыстары құжат түрінде тоқтатылып қойған. Олар көпшілік алдында ресми мәлімдеме жасады.
Продюсер Ерболат Беделхан бұл шешімнің екіжақты пікірмен ойлана келе жасалғанын айтты. Шығармашылық еркіндік пен даму жолында осындай мәмілеге келген топтың аты мен олар үшін ашылған парақшаларын продюсері өздеріне қалдырған. Сонымен қатар топ пен продюсер арасында келісе жасалған қаржылық құпия келісімшарттардың да бар екені айтылды.
“Біз ютубты өзімізге қалдырдық. Себебі ондағы парақша продюсерлік орталықтың атауымен “Juz entertainment” деп аталған болатын. Ал топтың өзінің атауымен тұрған желі парақшаларын жігіттерге қалдырдық”, – деді продюсер.
Топ тарамайды, бұрын қойған жоспарларын орындауға атсалысатын болады. Оның ішінде шетелге шығып, әндерін өзге елдерге де шығаруды мақсат еткен. Жігіттер енді шығармашылыққа қатысты жасалатын шешімдерді өздері қабылдайтынын айтты.
“Продюсерлік орталықтан кеткеніміз болмаса ештеңе де өзгерген жоқ, біз дәл осылай жұмысымызды жалғастыратын боламыз. Осы уақытқа дейін көптеген тәжірибелер жинадық. Енді соны өз бетімізбен іске асыратын уақыт келді”, - деді топ мүшелері.
Ерболат Беделхан орталық өз жұмысын әлі де жалғастыратынын айтты. Әзірше қол астынан шыққан жігіттерге қолдау көрсету үшін жаңа топ құрып, олармен бәсекелестіргісі келмейтінін жеткізген продюсер уақыт өте келе жаңа таланттардың да таңдалатынын хабарлады. Орталық та, топ та жұмыстарын өз беттерінше жалғастыруға кіріскен.