Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Миға сыймайтын нәрсе": Бишімбаев тыңдалымда сот-медициналық сарапшыға дауыс көтерді

Сот тыңдалымында Бишімбаев сот-медициналық сарапшы Тахир Халимназаровқа сұрақ қою барысында оның жауаптарына келіспей, қарсылық білдірді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

Фото Жоғарғы соттан скринделген

Бишімбаев “есі дұрыс адам белгілі бір күйде мас болса, құлап осындай жарақат алуы мүмкін бе?” деген сауал қойды.

“Сараптама бойынша оның қанынан алкоголь мөлшерінің аз ғана бөлігі табылғандықтан оның мастықтан құлағаны анықталмаған. “Есі дұрыс адам” деп атай алмаймын “қалыпты жағдайдағы адам” мұндай жарақатты дәл осылай өзі құлап ала алмайды”, – деп жауап берді сарапшы. 

Одан кейін Бишімбаев пен сарапшы арасында келіспеушілік болды:

Бишімбаев: – Мен оның мастық деңгейін айтып тұрған жоқпын, сол күйде құлауы мүмкін бе соны сұрап тұрмын?

Сарапшы: – Жоқ.

Бишімбаев: – Сонда ол мас бола тұрып құлай алмай ма? Басын ұрып ала алмай ма?

Осы тұста судья Бишімбаевқа жауапты тыңдауды талап етті.

“Біріншіден дауыс көтерудің қажеті жоқ. Екіншіден сарапшы сұрағыңызға жауап беріп жатыр. Сіз оған кедергі жасап, келесі сұрақты қойғыңыз келеді. Сұрадыңыз ба, аяғына дейін тыңдаңыз. Егер сіз сауалыңыздың жауабын әрі қарай тыңдағыңыз келмесе, бұл жауапты басқа да қатысушылардың тыңдағысы келмейді деген сөз емес”, – деді судья.

Бишімбаев бұдан соң сарапшыдан Салтанаттың сол сәтте бір рет құлағаннан кейін, түрлі жарақат алып, оның үстіне мастығын ескерсе, өз-өзін жоғалтып, құлағы естімей, басы айналып, тағы да құлауы мүмкін бе деп сұрады. 

“Мен бұл туралы бұрын да жауап бердім. Мүмкін емес. Ол бір рет құлап, жарақат алса, қайта тұрмайды”, – деді сарапшы. 

Бишімбаев сарапшының жауабына наразылығын білдірді.

“Сарапшы болжам жасап тұр. Егер ол құласа, тұрмайтын еді дейді. Бұл – шын көріністі көруге кедергі жасайтын болжамдар. Сіз егер өлім себебі субдуральды қан ұйю болмағанда тұншықтырудан болатын еді дейсіз. Сонда екі рет өлімге әкелетіндей жарақат әкелінді дегіңіз келіп тұр ма? Бұл деген миға сыймайтын нәрсе ғой. Сіз ойыңызды дұрыс жеткізіп тұрған жоқсыз”, – деді Бишімбаев.



Осы тұста судья араласып, Бишімбаевқа соттың өзі бәрін саралайтынын айтты.

“Сотталушы сарапшы сараптаманы беріп тұр. Оның айтқандарын алқабилер соты өздері қорытып алады. Егер қойған сұрақтарыңызға сіздің өз жауаптарыңыз болса, бұл басқа мәселе. Түсінуімше сұрақтарыңызға өзіңіз күткендей жауап ала алмаған сияқтысыз”, – деді судья. 

Еске салайық, Бұрынғы ұлттық экономика министрі Қуандық Бишімбаев әйелі Салтанат Нүкенованы өлтірді деген күдікпен ұсталған. Кейіннен қылмысты жасырды деген айыппен Салтанат Нүкенова көз жұмған мейрамхананың директоры да тұтқындалды. Бұдан бөлек экс-министр Қуандық Бишімбаевқа Қылмыстық кодекстің 110-бабы 2-бөлігі ("Азаптау"), Қылмыстық кодекстің 99-бабы 2-бөлігі 5-тармағы ("Аса қатыгездікпен адам өлтіру") бойынша жаңа айыптар тағылған еді. Ал оның туысы Бақытжан Байжанов қылмысты жасырғаны және хабарламағаны үшін айыпталған.

4 сәуірде айыпталушы Қуандық Бишімбаев сот алдында жауап берді. Бұған дейін сотта Салтанат Нүкенованы мейрамхананың дәлізінде ұрып-соғып жатқаны түсірілген видео көрсетілген.

Сонымен қатар Жоғарғы сот әйелі Салтанат Нүкенованы өлтірді деп айыпталған бұрынғы экономика министрі Қуандық Бишімбаев қандай жағдайда өмір бойына бас бостандығынан айырылуы мүмкін екенін айтты.

Талқылау