"Бұл күнді асыға күткен едік": Қызылордалықтар "Нұрлы жер" бағдарламасы аясында жаңа пәтерге қол жеткізді
Қызылорда қаласында "Нұрлы жер" мемлекеттік бағдарламасы бойынша салынған көпқабатты үй пайдалануға берілді. Пәтер иелеріне кілт табыстау салтанатына облыс басшысы Нұрлыбек Нәлібаев қатысып, тұрғындарды жаңа қонысымен құттықтады, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі.
"Нұрлы жер" бағдарламасы аясында қолданысқа берілген тұрғын үйлер облыс орталығындағы жаңа ықшамауданда бой көтерген. Көпқабатты үй маңында серуендеуге арналған орындар мен балалар алаңқайы, одан бөлек тұрғындардың ыңғайлығы үшін басқа да инфрақұрылымдар қарастырылыпты. Жаңа пәтерлеріне Отбасы банкінің көмегімен қол жеткізген қызылордалықтардың қуанышында шек жоқ. Бүгінде өңірдегі 250 отбасы қоныстойын тойлап, көптен күткен баспаналарына орналасуда.
Армандаған баспанасына қол жеткізген қызылордалықтардың бірі – Гүлнар Баймағамбетова облыстық "Ана мен бала" перинаталды орталығында кіші буын медицина қызметкері болып қызмет етеді. Осы уақытқа дейін пәтерден пәтерге көшіп, жалдамалы пәтер азабын тартқан жалғызбасты ана кілт табыстау рәсіміне екі баласымен бірге келіпті.
"Мен үй кезегінде 12 жыл тұрдым. Өзіміздің баспанамыздың болғанын қатты армандаған едім, балаларымның несібесі екен. Мемлекеттік бағдарлама аясында арнайы Отбасы банкінен есепшот ашып, салым жасап жүрдім. "Нұрлы жер" мен үшін өте тиімді болды, пайызы айтарлықтай көп емес. Оның үстіне баспана құнының 20%-ын жинасаң, үй алуға мүмкіндік бар. Банк қызметкерлерінің біліктілігінің арқасында еш қиындықсыз пәтерге қол жеткіздік. Жаңа үйде жаңа өмір бастағымыз келеді", - деп қуанышымен бөлісті қызылордалық.
Салтанатты шарада облыс тұрғыны Маржан Сүлейменова да облыс әкімінің қолынан жаңа пәтерінің кілтін алды. Жеке балабақшада аспазшы болып еңбек ететін жан бұл күнді асыға күткенін жасырмайды. Қазір Маржанның алдағы уақытқа жоспары да, арман-мақсаттары да көп.
"Бірнеше жылдан бері Отбасы банкінің салымшысы болдым. Расымен, "Нұрлы жер" бағдарламасының игілігін көріп жатырмыз. Салыстырмалы түрде қарағанда пәтер бағасы көңілге қонымды. Бұл күнге жеткеніме өте қуаныштымын. Тұрғын үйлерді сапалы салып берген барша құрылысшыларға алғысымды білдіремін. Жаңа баспанамыз берекелі болуын тілеймін", – деді Маржан Сүлейменова.
Құрыш қолды құрылысшылардың еңбегін Қызылорда облысының әкімі Нұрлыбек Нәлібаев та ерекше атап өтті. Шарада аймақ басшысы пәтер иелерін қуаныштарымен құттықтап, игі тілегін білдірді. Бұған қоса ол Сыр өңірінде халықты тұрғын үймен қамтамасыз ету мәселесі кезең-кезеңімен оң шешімін тауып келе жатқанын сөз етті.
"Соңғы үш жылдың ішінде өңірде 172 үйдің құрылысы жүргізіліп, төрт мыңға жуық отбасы жаңа пәтерге қол жеткізді. Былтырғы жылы апаттық жағдайда тұрған үйлердің тұрғындарына 50 пәтердің кілті табысталған болатын. Биыл сатып алу құқығынсыз жалға берілетін 10 көпқабатты тұрғын үйлердің құрылысы жүргізілуде. Халықтың сапалы өмір сүруі үшін ең алдымен жайлы баспана керек. Сол себепті бұл бағытта жұмыстар жалғаса бермек", – деді облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев.
Айта кетсек, “Нұрлы жер” бағдарламасының шарттары бойынша тұрғындар 5% мөлшерлемемен (ЖТСМ – 5,2% бастап) бастапқы нарықтан үйлі болады. Несие мерзімі – 25 жыл, алғашқы жарна –20%. Басты талап – отбасының әрбір мүшесіне шаққандағы табысы айына 3,7 ең төменгі күнкөріс деңгейінен аспауы керек. Негізгі конкурс әкімдікте кезекте тұрғандар арасында өткізіледі. Ал бос пәтерлер қалған жағдайда Отбасы банк салымшылары арасында бағдарлама бойынша қосымша конкурс ұйымдастырылады.
"Аталған мемлекеттік бағдарламаға қатысушының депозитінде баспана құнының кемі 20%-ы болуы тиіс, бұл пәтер алуда бастапқы жарна ретінде қолданылады. Отбасы банкінің өнімдері мен бағдарламалары қазақстандықтар арасында үлкен сұранысқа ие. Жыл басынан бері банктің Қызылорда қалалық филиалы облыс тұрғындарының жағдайын жақсарту мақсатында 700-ден астам несие берген", – деп мәлімдеді "Отбасы банк" Қызылорда облыстық филиалының директоры Әділжан Сәулебаев.
"Нұрлы жер" бағдарламасы аясында салынып жатқан барлық нысан тізімі otbasybank.kz сайтында көрсетілген. Қолжетімді баспанаға үміткер сайттағы жеке кабинеті арқылы нысанды таңдап, өзіне ұнаған пәтерді брондай алады.