Бұған дейін ұлынан айырылған: Текеліде қаза тапқан қыздың анасы жағдайы туралы айтты
Алматы облысы Текелі қаласында сел салдарынан көз жұмған бес жасар қыздың анасы қазіргі жағдайы туралы айтып берді, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі.
Қаза тапқан Жанботаның анасы Гүлнәр Тілеухан қайғылы оқиғадан кейін қонақүйге орналасқандарын айтады. Ал үйлері лай көшкінінен толығымен қираған.
"Үйімнен ештеңе қалған жоқ. Мүлкім толық лай астына кетті. Тек қызым екеуміз қалдық. Қазір менің де, үлкен қызымның да жағдайы жақсы. Әкімдік ұсынған қонақүйге орналастық, әзірге сол жерде боламыз", – дейді Гүлнәр Тілеухан.
Марқұмның анасының сөзінше, қайғылы оқиғадан кейін әкімдік көмек көрсетуге уәде берген.
"Үкіметке, қара ормандай қазақ халқына алғысым шексіз. Әкімдік үй алып беретінін мәлімдеді. Басқа да көмек көрсететінін айтты", – деп қосты ол.
Гүлнәр Тілеухан бұған дейін үлкен ұлын жер қойнына тапсырған екен. Оқиға 7 жыл бұрын болған.
"Ұлым үйдің алдында ойнап жүріп адасып кеткен. Бұл туралы да бірнеше рет айтылды. Баламды сол кезде де үкімет пен арнайы қызмет тауып берген. Қайғыдан қан жұтып отырғандықтан, бұл туралы айта алмаймын", – деп аяқтады ана.
Айта кетейік, Текелідегі лай көшкінінен кейін куәгерлер оқиғаның жаңа деректерімен бөліскен еді. Тілерсектен асар сазды өңгеруге Текелінің жігіттері жетпегесін, көрші ауданнан сарбаздар көмекке жеткен.