Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Текелідегі көшкін: Куәгерлер оқиға туралы жаңа деректермен бөлісті

Алматы облысындағы Текелі қаласынының жұртшылығы лай көшкінінің салдарымен әлі күресіп жатыр. Жырадағы тұрғындарды әбігерге салған төтенше жағдайға қатысты арнайы құрылған комиссия тексеріске кіріскенмен, жергілікті халықтын өз айтары бар, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі “КТК” арнасына сілтеме жасап.

“Үйіміз апатты деп танылсын” дегендер қоныс аударуды қалайды. Ал комиссия қорытындысын күткен шенділер әзірге шешім қабылдауға асықпайды.

Түннен бері тазалау жұмысы тоқтамай жалғасып жатыр. Мына тұрған үй жермен-жексен болып, орнын лай басқан. Көрші тұрған баспана да белуарына дейін батпаққа батқан. Ал куәгерлердің айтуы бойынша құтқарушылар марқұм болған бүлдіршінді осы аумақтан тапқан.



Қанша жерден жанталасқанмен, тек жеті сағаттан соң сәбидің жансыз денесі табылды. Қазір қара жамылған отбасы мәйітханың аумағын торуылдап жүр. Амангелді Жидебаев айдын-күннің аманында лай лап қойғанда үйде отбасымен отырған. Ештенеңі алып үлгерместен бірден сыртқа ентелеген.

“Жер сілкінгендей болды. Мен жүк машинасы өтіп бара жатқан шығар деп ойладым. Сөйтесем айқайшу болды, көршілер терезені қақты. Не болды екен деп бері шықсам, лай терезеге келіп қалған екен, жартылай. Сөйтіп балаларды алып шығам деп жүрген күннің өзінде бұзып кірді ғой лай. Шығайын десем, есікті батпақ жауып қалды”, – дейді Текелі қаласының тұрғыны Амангелді Жидебаев.

Амангелді аман қалғанмен, өзі мен көршілерінің күні не болары, енді оны сары уайымға салды. Әзірге құр комиссия құрылды, шығын көлемін есептеп, жағдайды бағамдайды деген жергілікті әкімдіктің жауабы көңілдерін көншітпейді. Жар жағасындағы жұртшылық лаж болса, қауіпсіз жерде қоныс тебуді қалайды.

“Ақылы бар адам бұдан кейін тұрмайды ғой. Адам өзіне ажал іздемейді ғой. Енді "сақтансаң сақтайды" дейді құдай. Дұрыс қой, мынадан кейін шара қабылдану керек. Енді қазір мынаның бәрін тазалап жатыр, тазалағаннан кейін бұл көршіге тиген зат, ертең бір жаңбыр жауса, мына жақты кетуіне ешкім кепіл бермейді”, – дейді Текелі қаласының тұрғыны Әсет Әбдібеков.

Тілерсектен асар сазды өңгеруге Текелінің жігіттері жетпегесін, көрші ауданнан сарбаздар көмекке жеткен. Жұмыстың бір күнде бітер түрі жоқ. "Аш бәледен қаш бәле" деген қоңсылас үйдің тұрғындары есіктеріне құлып салып кетіп қалған.

“Осы мәселеге байланысты жүзге жуық әскери қызметшіміз жұмылдырып, осы жұмыстарды істеп жатырмыз. Күні кеше осы жерге келіп жеттік.Әкімдіктің  және төтенше жағдайлар департаментінің тапсырмасы бойынша, осы кешегі лай сел бойынша, біздің рота командирлермен бірге үш бағытта лайды үйден шығару бойынша жұмыс жүргізіп жатырмыз”,  – дейді 28237 әскери батальоны бөлімінің командирі Мұратбек Парманов.

Әзірге әкімдіктегілер де алдын ала болжам айтуға абайлап, жаттанды сөзбен шектелді.

“Қала халқында әр тарапты әңгімелер таралуда. Бірақ комиссия жұмыс істеуде. Бұл лай көшкінің, бұл төтенше жағдайдың салдары, себебі комиссия қорытындысы бойынша белгілі болады. Қазір оған жауап бере алмаймын”, –дейді Текелі қаласы әкімінің орынбасары Серік Болысбайұлы.

Текеліні тіксінткен кешегі лай көшкіннің ұзындығы 50 метрге ұласты. Көлемі шамамен бес мың текше метр батпаққа жуық. Жергілікті жұрт: "Ес білгелі табиғаттың осындай тосын мінезін көрмедік", - дейді.
 

Талқылау