Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Бұралқы иттерге бөлінген 15 млрд теңгені алматылық экс-ветеринария басшылары жымқырған – Сарапшы

эксперттер Сергей Снегирев
Фото: Видеодан скрин / эксперттер Сергей Снегирев пен Темірлан Тоспаев

Қазақстандық сарапшы Сергей Снегирев бұралқы жануарларға арналған бағдарламаға 2022-2026 жылдары шамамен 15 миллиард теңге жұмсалғанымен, оның нақты нәтижесі бағаланбағанын айтты. Ал Алматыда осы бағдарламаға бөлінген миллиардтар кезеңінде жұмыс істеген ветеринария саласының екі бұрынғы басшысы түрмеге қамалған екен. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі Тимур Балымбетовтің "ЧЕСТНОГОВОРЯ" подкастына сілтеме жасап хабарлайды.

Подкаст барысында Қазақстанда жануарларға жауапкершілікпен қарау туралы заңға енгізілетін түзетулер қызу талқыланды. Әңгімеде қазіргі ОСВВ ("аулау – стерилизация – вакцинация – қайтару") жүйесінен бас тартып, бұралқы жануарларды қайта жібермей аулау және эвтаназия жасау тетігіне көшу мәселесі сөз болған. Зообелсенді Темірлан Тоспаев пен қоғам белсендісі, "Аmanat" партиясы жанындағы республикалық экологиялық кеңестің мүшесі Сергей Снегирев жаңа түзетулердің кемшіліктерін айтып, өзгерістер сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін күшейтуі мүмкін екенін жеткізді.

Қоғам белсендісі Сергей Снегирев заңға енгізілетін жаңа түзетулер жануар иелерінің жауапкершілігін арттырмай, керісінше жауапсыздықты күшейтуі мүмкін екенін айтты.

"Олар келіп, мемлекет есебінен қажетсіз төлді алып кетіп, өлтіреді. Осындай норма түзетулерге енгізілген. Бұл жауапкершілік туралы емес, керісінше жауапсыздық туралы. Бұрын адам жануарына қарамағаны үшін айыппұл алуы мүмкін еді. Ал қазір “көбейе берсін, біз алып кетеміз” деген түсінік қалыптасып жатыр. Мәселе мынада мұның артында орасан зор қаржы мен үлкен бюджеттер тұр", – деді Сергей Снегирев.

Подкаст жүргізушісі Тимур Балымбетов бұралқы жануарларға қатысты ОСВВ бағдарламасының сәтсіздігі емес, оны іске асыру жүйесі күйрегенін айтты. Ол мемлекеттік қаржы сарапшысы Шолпан Айтенова зерттеуіне сүйеніп, 2022 жылы бағдарламаға 1,2 млрд теңге бөлінсе, 2025 жылы қаржы 3 млрд теңгеге дейін өскенін, бірақ бұралқы жануарлар саны азаймағанын атап өтті. Оның сөзінше, Алматы, Астана және Шымкент ел бойынша бөлінетін қаржының 51 пайызын алады, алайда оның 75 пайызы жануарларды аулау мен жоюға жұмсалады.

"Ақша жұмсалды, нәтиже жоқ. 2022-2026 жылдары шамамен 15 миллиард теңге игерілді, бірақ оған қандай нәтиже алынғанын бағалау мүмкін емес", – деді Тимур Балымбетов.

Қоғам белсендісі Сергей Снегирев депутаттардың бұралқы жануарларға қатысты мәселені терең зерттемей тұрып шешім қабылдап жатқанын айтты.

"Депутат Жамбыршин дәл қазір сіз айтып отырған осы бөлікті және мен айтқалы тұрған нәрсені бұған дейін зерттеуі керек еді. Ол бұл мәселені талдамай тұрып немесе талдап жатқандай көрінбей тұрып зерттеуі қажет еді. Негізгі ақша үш қалада шоғырланған, олар Алматы, Астана және Шымкентте. Астананы бөліп қарайық. Өйткені Астанада жануарлар санын реттеумен зооқорғау ұйымы сенімгерлік басқару арқылы айналысады. Ол жақта, жалпы айтқанда, бәрі тәртіпте. Шағымдар жоқтың қасында. Статистика, жануарлар саны азайып жатыр. Оның үстіне ашықтық бар. Себебі аулаумен мемлекеттік ветеринарлық қызмет айналысады, ал күтіп-бағумен басқа ұйым айналысады. Яғни олар бір-бірін қандай да бір коррупциялық байланыспен жауып қала алмайды. Сондықтан онда жағдай дұрыс жолға қойылған. Оның үстіне “маған бұл мәселені шешіңдер” деген саяси ерік болды. Яғни Жеңіс Қасымбекке осындай заманауи көзқарасы үшін үлкен алғыс пен құрмет айту керек. Дұрыс ойлау жүйесі болды", – деді Сергей Снегирев.

Сергей Снегиревтің сөзінше, негізгі ақшалардың бөлігі Алматы мен Шымкентте қалған. Ветеринария саласындағы ең жиі және ең даулы жемқорлық қамаулары дәл осы қалаларда болып жатыр дейді ол.

"Міне, сұрақтың жауабы осы. Алматыда қазір ветеринарияның жаңа басшылығы жұмыс істеп жатыр, әзірге оларға қатысты сұрақ жоқ. Бірақ алдыңғы екі басшылық құрам түрмеде отыр. Тіпті мұны ұрпақтар сабақтыстығы десек те болады. Олар дәл ОСВ бағдарламасына миллиардтар бөлінген кезеңдегі қызметі үшін сотталған. Шымкентте де дәл сондай жағдай. Онда көлемі азырақ, қамаулар жоқ, бірақ біздің фискалдық органдар үнемі “міне, алаяқтар” деп көрсетіп отырады. Жақында Түркістанда тағы 900 миллион теңгеге қатысты мәселе шықты", – деді Сергей Снегирев.

Подкаст барысында жүргізуші жоғары билік өкілдері бұл мәселеден бейхабар болуы мүмкін емес екенін айтып, Сергей Снегиревтен неге жағдайға назар аударылмай отырғанын сұрады. Маман осы тақырып қоғамда маңызды мәселе ретінде қабылданбайтынын айтты.

"Бұл адамдар бірден қол сілтей салғысы келетін өте спецификалық тақырып. “Не болды, иттер ме? Бізде балалар бар, әлеуметтік мәселелер бар, одан да маңызды проблемалар жеткілікті” дейді. Әрине, ол да дұрыс. “Қандай иттер, қойыңдаршы” деген көзқарас қалыптасқан. Бірақ егер Президент әкімшілігі президентпен сөйлесіп, “мұнда түбі жоқ қара құрдым бар, біз қазір бюджетті үнемдеу туралы айтып жатырмыз, ал бұл жерде шығын барған сайын өсіп келеді” десе, бәлкім назар аударар еді. Мен бекер айтқан жоқпын, төрт жыл ішінде шығын көлемі жеті есе өсті", – деді Сергей Снегирев.

Еске салайық, бұған дейін Қазақстанда бұралқы иттер ұсталған соң бес күннен кейін эвтаназия жасау туралы заң ұсынылғанын хабарлаған едік. Заң бойынша, жануарларды баспанада ұстау мерзімі шектеледі: бұралқы жануарлар – 5 күнге дейін, ал үй жануарлары – 60 күнге дейін. Осы уақыт ішінде иесі табылмаса, эвтаназия жасауға рұқсат берілуі керек болған. Алайда қазақстандықтар бұл заңға қарсы шықты. Ал сенат қаңғырған жануарлар туралы жаңа заңды мәжіліске қайтарды.

Айым Атамбаева
Сейсенбі, 19 Мамыр, 2026 13:00