Бразилияда өткен сурдлимпиададан алтын алған Еркебұлан Қанафиннің дені сау болып шықты - журналист
Бразилияда өтіп жатқан сурдлимпиадада, яғни есті қабілеті төмен спортшылар арасындағы жарыста дзюдодан чемпион атанған Еркебұлан Қанафиннің дені сау екені анықталды, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі.
Осыдан бірнеше күн бұрын Бразилияның Кашиас-ду-Суле қаласында XXIV Сурдлимпиада ойындары басталған.
Бүгін ғана 81 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде қазақстандық дзюдошы Еркебұлан Қанафин алтын медальді жеңіп алғаны туралы сүйінші хабар тарады. Финалға дейін Қанафин Моңғолия мен Франциядан келген қарсыластарын жеңіп, ал шешуші жекпе-жекте Оңтүстік Корея спортшысынан басым түскен.
Алайда журналист Аслан Қаженов жеңімпаз спортшының бұған дейін мұндай жарыстарға қатыспағанын, тіпті ұлттық құрама тізімінде жоқ болып шыққанын жазды.
"Есту қабілеті төмен спортшылар арасындағы бәсекеде Еркебұлан Қанафин есімді жерлесіміз қарсылас шақ келтірмей, алтын жүлде жеңіп алды. Бірақ артынан оның ұлттық құрама қатарында жоқ екені, елдегі осындай жарыстарға қатыспағаны, тіпті, есту қабілеті төмендердің тізімінде де жоқтығы анықталды", - деп жазды автор.
Журналист бұл орайда жауапты министрлік пен отандық сурдлимпиадалық комитет арасында келіспеушілік болғанын меңзеп отыр.
"Спорт министрлігі Еркебұланды мүгедектер қатарына жатқызбайды. Өйткені, бағанағы аргументтер бар. Бұған қоса, жарыс кезінде екі рет аудиограммадан өте алмаған. Үшінші мүмкіндігінде өткен. Ал сурдлимпиадалық комитет оның лайықты чемпион болғанын алға тартады. Соған сенімді. Министрлік өкілдері оны жарысқа жібермеуді талап етеді. Ал ұйымдастырушы тарап "Қазақстан сурдлимпиадалық комитеті ғана өтініш бере алады" деп, дзюдошыны жарысқа жібере салады", - деп жазды ол.
Аслан Қаженовтың пайымынша, мұның барлығы жеңімпазға берілетін сыйақымен байланысты болуы мүмкін.
"Бірер жыл бұрын Сурдлимпиада жүлдегерлеріне берілетін сыйақыны Олимпиада жүлдегерлерімен теңестірді. Мәселен чемпион 250 мың доллар алады. Бұған қоса, 3 бөлмелі пәтер және басқа да анау-мынаусы тағы бар. Мұның барлығы осындай әрекеттерге итермелеуі әбден мүмкін", - делінген жазбада.
Даулы жағдайға қатысты еліміздің Мәдениет және спорт министрлігіндегілер түсініктеме берді.
"Хаттама бойынша сурдо дзюдо бойынша 2021 жылы ел чемпионы Жамбыл облысының өкілі, есту қабілеті төмен Айдос Түгелбаев еді. Алайда еліміздің Сурдлимпиадалық комитеті Халықаралық комитетке өтініш беріп, Еркебұлан Қанафинді жарысқа алып кетті. Ол есту қабілеті төмен спортшылардың жарысына қатысушы болып есептелмейді. Ұлттық құраманың бұған дейін мүшесі болған емес. Сонымен бірге оның құлағы естімейді деген дерек жоқ. Мәдениет және спорт министрлігінің Спорт және дене шынықтыру комитеті Сурдлимпиаданы ұйымдастыратын Халықаралық комитетке Еркебұлан Қанафиннің жіберілмегені туралы хабарлады. Алайда бұл жағдай ескерілмеді. Өйткені ереже бойынша Қазақстаннан өтінішті тек Сурдлимпиада комитеті ғана бере алады", — дейді МСМ баспасөз қызметіндегілер.
Алда Еркебұлан Қанафиннің жетістігіне қатысты жағдайы қалай болатыны әзірге белгісіз.