Атлант мұхитының маңында турбуленттікке тап болған Boeing 787 ұшағында 30 адам жарақат алды
Испанияның Air Europa әуе компаниясына тиесілі Boeing 787-9 Dreamliner ұшағы қатты турбуленттік салдарынан кейбір жолаушылар жарақат алған соң Бразилияға шұғыл қонды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі BBC.com порталына сілтеме жасап хабарлайды.
Фото: BBC.com
EC-MTI (2018 жылы шығарылған) тіркелген ұшақ Мадридтен Уругвай астанасы Монтевидеоға UX45 рейсін орындаған.
Оқиғадан кейін ұшақ Бразилияның солтүстік-шығысындағы Натал халықаралық әуежайына бағытталды. Уругвай сыртқы істер министрлігі зардап шеккендердің Натал қаласындағы ауруханаға жеткізілгенін, ал кейбіреулерінің шығарылғанын хабарлады.
Air Europa резервтік рейс Мадридтен ұшып, Бразилияда жолаушыларды алып, Монтевидеоға рейсті жалғастырғанын айтты.
"Дүйсенбі күні таңертең 325 жолаушы мінген ұшақ Бразилия жағалауына жақындаған кезде Атлант мұхитының үстінде турбуленттікке тап болды", – деп хабарлады Air Europa өкілі.
Ұшақ жерге сәтті қонып, жедел жәрдем күтіп алды. Дәрігерлер бразилиялық БАҚ-қа кем дегенде 30 жолаушыны емдегенін, оның 10-ы ауруханаға жеткізілгенін мәлімдеді.
Еске салайық, бұған дейін Лондоннан Сингапурға бет алған Boeing 777 ұшағы Мьянма үстінде қатты турбуленттікке тап болды. Бірнеше апта өткен соң жағдай тағы қайталанды. Мұнда ондаған жолаушы жарақат алып, біреуі жүрек талмасынан қайтыс болды.