Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Борат" фильмі болмағанда білмес едіңіз": 50 Cent-тің концерттен кейінгі жазбасы қазақстандықтарды ашуландырды

50 Cent (шын есімі - Кёртис Джеймс Джексон III) – өз заманының ең танымал әрі ықпалды артистерінің бірі. 2003 жылы жарық көрген Get Rich or Die Tryin альбомы бірден танымалдылыққа ие болып, хип-хоптағы рекордты жаңартқан еді. Ол бүкіләлемдік тур аясында Қазақстанға да келді. 

10 мыңға жуық көрермен алдында екі сағат бойы ән айтты. Алайда танымал өнер жұлдызының жеке парақшасындағы жазбасы көптің ашуын туғызды. 

“Қазақстан. Алматы қаласын жандырдық. Егер “Борат” фильмі болмағанда сіз менің не айтқым келгенін түсінбес едіңіз. Мен әлемдік деңгейдемін”,–  деп жазды ол. 

Әншінің оқырмандары қатты ашуланып, ол фильмнің елімізге ешқандай қатысы жоқ екенін айтып, ақталып жатыр. Тыңдармандар үш тілде пікір жазып, арасында концертіне барғандарына да өкініп жатыр. 

Танымал әзілкеш Марат Оралғазин мен Еркебұлан Мырзабек концерттің өте жоғары деңгейде өткендерін жарыса жазып жатыр. 

“Елубай көке екі самолетпен келген сияқты. Біреуінде 90 адамдық музыкант биші болса, екіншісінде техника, дыбыс, декорация. Бәрін өзімен алып келгенге ұқсайды. Мұндай жарық пен дыбыс бұрын елде болмаған. Әлемдік деңгейдегі алғашқы концерт құтты болсын!”, – деп жазды. 

Сонымен қатар, танымал өнер жұлдызының концертіне билет сатқан алаяқты да полиция әшкереледі. 

“Алаяқтықты билет сататын компанияның ресми өкілінің атын жамылып, азаматтарды алдаған 18 жастағы Л.есімді азамат. Ол онлайн арқылы билет сатқан. Тапсырысты Instagram арқылы қабылдаған. Ал әлеуметтік желіде ауқымды жарнамалау үшін алаяқ SMM менеджерін жалдаған. Қалалық криминалдық полиция басқармасының мәліметінше, күдікті ұсталды. Қазіргі таңда Алмалы аудандық полиция басқармасында алданған азаматтардың арызы негізінде ҚР ҚК-нің 190-бабы бойынша қылмыстық іс тіркелді. Олардың кейбіріне жалған билет сатушы 50 cent-тің концертіне билеттерді “сатқан”. Басқа ықтимал құрбандарды анықтауға бағытталған тергеу шаралары жалғасып жатыр”, – делінген Polisia.kz сайтында. 

Талқылау