Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Бұл қан емес, балмұздақ": Бишімбаев пен марқұм Нүкенованың үйін тазалаған қызметкер Байжановқа бөлмедегі қанның фотосын жіберген

Әйелін өлтірді деп айыпталған экс-министр Қуандық Бишімбаевтың кезекті сот отырысы өтіп жатыр. Сот отырысында қылмысты жасырды деп айыпталған Байжановтың телефонындағы хаттар оқылды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Тікелей эфирден скриншот

Қуандық Бишімбаев пен Салтанат Нүкенованың үйін тазалайтын қызметкер Байжановқа есеп беріп, үй қанға бөгілгенін айтқан.

Гүлшара апай деп сақталған адамнан фотолар жіберіліпті.

“Түгел жуып жатырмын, бәрі қан. Мынау Кәрімнің (Бишімбаевтың ұлы) бөлмесі сияқты. Ол жаққа не үшін барды екен? Матрасты қолдан келгенше жуыпты, сосын төңкеріп салып қойдық. Кілемдерді химиялық тазалауға бермесе болмайды. Тоқ ашық, оқшаулағыш таспамен орамасақ, тоқ соғуы мүмкін”, – деп жазылған хатта.

Бұған Бақытжан Байжанов жауап бермепті

Айыпталушы Бишімбаев бұл қан өзіне тиесілі екенін айтты.

“Бұл қан – Салтанаттікі емес, менікі. Жанжал кезінде шыны сынды да, соны басып қалдым. Салдарынан оң аяғым жараланды. Сол күні Кәрім бөлмесінде ұйықтадым”, – деді Бишімбаев.

Ол жарақат алса да, медициналық көмекке жүгінбей, аяғын тек жуып қойғанын айтады. Ол дәлел ретінде аяғындағы тыртықты көрсете алатынын айтты.

Алайда қабырғадағы дақ қан емес, балмұздақ деп түсіндірді.

“Қабырғаға қан жұғуы мүмкін емес, балмұздақ жағылған ғой. Фотоның астын қарасаңыздар, балмұздақтың ыдысы тұр”, – деді ол.

Жәбірленушінің адвокаты Гүлшара есімді үй жинаған қызметкерді куәгер ретінде шақыруды сұрады. Алайда судья Айжан Көлбаева сот отырысында тергеу жүргізілмейтінін айтып, өтінішті қанағаттандырмады.

Бұған дейін Бишімбаевтың туысы Байжанов көмек сұрап қоңырау шалған дәрігер сотта куәгер болғаны айтылды. Cонымен қатар вип бөлмеде Салтанат Нүкенованың саусақ іздері табылмағаны белгілі болды. 

Еске салайық, бұрынғы ұлттық экономика министрі Қуандық Бишімбаев әйелі Салтанат Нүкенованы өлтірді деген күдікпен ұсталған. Кейіннен қылмысты жасырды деген айыппен Салтанат Нүкенова көз жұмған мейрамхананың директоры да тұтқындалды.

Сондай-ақ экс-министр Қуандық Бишімбаевқа Қылмыстық кодекстің 110-бабы 2-бөлігі ("Азаптау"), Қылмыстық кодекстің 99-бабы 2-бөлігі 5-тармағы ("Аса қатыгездікпен адам өлтіру") бойынша жаңа айыптар тағылған еді. Ал оның туысы Бақытжан Байжанов қылмысты жасырғаны және хабарламағаны үшін айыпталған.

Талқылау