Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Бөліп төлеу карталары: Қай қазақстандық банк ең тиімдісін ұсынады?

Жақын арада қомақты сомаға сауда жасау қажеттілігі туындап, қалтаңызда керекті қаражат табылмаған кезде мәселенің тиімді шешімі бөліп төлеу карталары бола алады. Аты айтып тұрғандай, мұндай картаның көмегімен кез келген тауарды бірнеше айға бөліп төлеуге алу қарастырылған. Ең ыңғайлысы, сатып алынған зат үшін банк артық үстемақы тағайындамайды. Елімізде қандай банктер бөліп төлеу карталарын ұсынады және олардың арасындағы ең тиімдісі қайсысы? Материалымыздан оқи аласыздар. 

Бөліп төлеу картасының шарттарына сәйкес белгіленген мерзімі, қаржы лимиті болады. Ал ай сайынғы төлем мөлшері сатып алынған заттың сомасына сәйкес жеке есептеледі. 

Қазақстандық банктер ұсынатын бөліп төлеу карталарының шарттары да сәйкесінше әртүрлі. Қазірде мұндай карталарды еліміз бойынша 10 банктен ашуға болады. Олардың 9-ы карталарды тек Қазақстан аумағында ғана емес, әлем бойынша қолдануға мүмкіндік береді. Ал 8-ін кредиттік карта ретінде қолдану қарастырылған. Яғни мұндай бөліп карталарынан қажет кезде ақша шығарып алуға болады. 

Екінші деңгейлі банктердің арасында тек төртеуінде, атап айтсақ, ForteBank, Jusan Bank, Сбербанк және Altyn Bank-те ғана еш комиссиясыз, географиялық шектеулерсіз және барлық сауда орындарында қолдануға мүмкіндігі бар бөліп төлеу картасын ашу қарастырылған. Аталған банктердің барлығында бөліп төлеуге алған заттың ақысын үш айда өтеп бітсеңіз,  комиссия ұсталмайды.

Бөліп төлеу мерзімін қосымша төлем жасау арқылы үш айдан асыруға да болады. Бұл тұрғыда жоғарыда аталған төрт қаржы ұйымының арасында ең ұзақ мерзім – 36 ай Forte Bank-те қарастырылған. Алғашқы үштікте Сбербанк (24 ай) пен Jusan Bank-те бар (12 ай). Ал Altyn Bank бөліп төлеу картасының мерзімін тек 6 айға дейін ұзартуға болады. 

ForteBank-тің ForteBlack бөліп төлеу картасы басқаларымен салыстырғанда тағы бірқатар артықшылықтарға ие. Мәселен, оны қарапайым дебеттік карта ретінде қолдануға болады. Мұнымен қатар, ForteBlack арқылы басқа да қазақстандық банктердің карталарына еш комиссиясыз 1 миллион теңгеге дейін аударым жасап, елімізде және шет мемлекеттерде кез келген банкоматтан 500 мың теңгеге дейін ақша шығарып ала аласыз. 

Тағы бес банк ұсынатын бөліп төлеу карталарын қолдану – ақылы. Мәселен, Halyk Bank-те клиент екінші жылдан бастап картаны пайдаланғаны үшін жылына 6990 теңге, ал Альфа-Банкте айына 1000 теңге төлеуіне тура келеді. Ал Home Credit Bank-тің DOS картасы үшін қарызды өтеп біткенше ай сайын 499-теңге төлеу қажет болады. Бұған қоса Halyk Bank пен ЦентрКредит Банктің бөліп төлеу карталарын серіктестердің желісінен басқа сауда орындарында қолданғаны үшін айына 1%-дық комиссия қарастырылған. Соңғы бесінші банк – Еуразиялық Банктің SMARTCard (1000 теңге) және PayDa! (2000 теңге және 5000 теңге) карталарында бір айда жасалған саудаға сомасына байланысты қосымша комиссия ұсталады. 

Ал екі банктің – Kaspi Bank және Home Credit Bank-тің бөліп төлеу карталары арқылы тек серіктестер желісінен сауда жасай аласыз. 

Сонымен, бөліп төлеу картасының ең басты тиімділігі – қымбат тауарларды үстемақысыз бірнеше айға бөліп алу мүмкіндігінің болуы. Дегенмен мұндай картаны ашқызбас бұрын банктерде қарастырылған шарттарды мұқият оқып шыққан жөн. Себебі қаржы ұйымдары ұсынатын бөліп төлеу картасын қолдану барлығында тегін емес. 

Талқылау