Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

«Болашақ» бағдарламасымен шетелде оқып келген азамат ауыл мектебінде жұмыс істеп жүр

Мемлекет басшысының бастамасымен 25 жыл бұрын басталған «Болашақ» бағдарламасы көптеген жастарды шабыттандырды, оларға әлемнің үздік оқу орындарында білім алуға мүмкіндік берді. Осы бағдарламамен білім алған жастардың бірі қызылордалық Абзал Ескендір. Ол  Жапонияның Осака қаласында ядролық физика бойынша магистр дәрежесін алды. Қазіргі таңда ауылды мектепте қызмет етіп жүрген Абзал көпшілікке үлгі болып отыр, деп хабарлайды Stan.kz ақпараттық агенттігі ҚазАқпарат-қа сілтеп.

«Болашақ» бағдарламасымен шетелде оқып келген азамат ауыл мектебінде жұмыс істеп жүр

Абзал Қызылорда облысы, Қазалы ауданы, Айтеке би ауылындағы мектепте мұғалім болып жұмыс істейді. Ол ауылды тастап кеткісі келмейді. Себебі, ол әрбір оқушының жетістікке жетуіне қосқан үлесін өзінің жеке жетістігі ретінде қарастырады.

«Мен Қазалы ауданы Басықара ауылында туып-өстім. 2001 жылы Жұбанов атындағы Ақтөбе мемлекеттік университетінің физика факультетіне оқуға түстім. Біз, ауылдың балалары болғандықтан, сол уақытта мұғалім немесе дәрігерлер болуды ғана армандайтынбыз. Ол кезде қазіргі заман секілді ғаламтор және жаңа технологиялар болған жоқ. 2006 жылы диплом алып, туған ауылыма оралдым. Содан Қазалы ауданы, Айтеке би ауылындағы № 234 орта мектепке физика пәні мұғалімі болып жұмысқа орналастым. Қазір де осы мектепте жұмыс істеймін. 2013 жылы біздің аудан бойынша «Жыл мұғалімі» атандым»,-дейді Абзал.

28 жасында «Болашақ» бағдарламасының стипендианты атанған мұғалім адам білім алуға талпынса, оның қанша жаста екені маңызды емес дейді.

«Болашақ» бағдарламасымен шетелде оқып келген азамат ауыл мектебінде жұмыс істеп жүр

«Шетелде білім алуға құлшынып, «Болашақ» стипендиясын иемдену үшін құжат жинадым. Қажетті құжаттарды жинап, Астанаға бардым. Қазір құжаттарды аймақтағы Халыққа қызмет көрсету орталығы арқылы жіберуге болады. Бакалаврдың дипломы мен ағылшын тілінің біліктілік деңгейі талаптарға сай болды. Содан Халықаралық бағдарламалар орталығынан оң шешім алып, кепіл ретінде ауылдағы екі үйді қойдым. Бірақ олар қажетті көрсеткіштің 30 пайызын ғана қамтыды. Сондықтан төрт адам – менің достарым және әріптестерім маған кепіл ретінде шығып, түбіртек жазып берді. Маған сенім білдіргендері үшін оларға деген алғысыз шексіз. Осылайша, барлық келісімшарттарға қол қойып, Ұлыбританиядағы Норидж қаласына ұшып кеттім. Онда бір жыл бойы ағылшын тілін оқыдым»,-дейді Абзал Ескендір.

Қазақ жігіті әлемнің үздік университетерінің ішінен Жапонияның Осака қаласындағы жоғарғы оқу орнын таңдаған. Оған магистр дәрежесін алу үшін екі жыл оқу керек болды. Содан ол отбасымен бірге Жапонияға көшіп, оқу бітіргенше сонда тұрған. Тіпті, ұлының тұсауын жапондық профессорға кестірген Абзал Жапонияға тез үйреніп кеттік дейді.

«Болашақ» бағдарламасымен шетелде оқып келген азамат ауыл мектебінде жұмыс істеп жүр

«2017 жылы магистр дәрежесін алып, бұрын жұмыс істеген ауылдағы мектебіме оралдым. Жұмыс орнымды өзгерту туралы ойламаймын, себебі мұғалім мамандығын жақсы көремін. Ауылдың, қаланың балалары бәрі  бірдей. Тек әрбір баланың көзіндегі ұшқынын уақытында көріп, аша білу керек. Оқушының  білімге деген құлшынысын оята алсам, оның табысқа жетуіне көмектесетін болсам, онда мен шексіз бақытқа ие боламын. Ал ақша бұл жағдайда ешқашан көмектеспейді. Ең бастысы – бәріне қанағат етіп, адал жұмыс істеп, сүйікті жандарыңның ілтипатына бөлену»,-дейді Абзал.

Тағы оқыңыз:

Желіде Ұлы Отан соғысы батырларын қорлаған сурет халықтың ашуын туғызды

 
 
 

 

Талқылау