Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Reels – 5 миллион теңге": Отандық блогерлер жарнама үшін қанша алатындарын айтып берді

Отандық блогерлердің негізгі табыс көзі жарнама екені жасырын емес. Осы орайда Stan.kz тілшісі аудиториясы ауқымды блогерлерге хабарласып, қаламақыларының құнын сұрап көрді.

Фото: Жеке парақшадан алынды 

Алдымен Instagram желісінде 1 миллион 300 мың оқырманы бар актриса, блогер Әсел Асқарға хабарласып көрдік. Желі жұлдызы сұрағымызға “қалтаға сол салғанмен бірдей” деп ренжігенімен, жауап беруден бас тартпады. 

“Көп гонорар сұрайтындай керемет актриса емеспін. Кино саласына енді аяқ басып жатырмын. Бір күндік түсірілім – 150 мың теңге. Кәсіби актрисалар сияқты өте көп гонорар сұрамаймын. Жеке парақшамдағы жарнама құнын айта алмаймын. Біздің халық біреудің ақшасын санағанды жақсы көреді. Үнемі блогерлерді сөз етіп, соларды жамандап жатады. Менің гонорарым 3 миллион теңгеден басталуы мүмкін. Тіпті кейде 10 миллион теңге жарнама жасаймын. Осыны айқайлатып жазып жібересіздер. Маған кімнің не айтатыны маңызды емес. Менің табысым – менің жекеменшігім. Ол сізді де қызықтырмауы керек”, – дейді Әсел Асқар. 

Одан кейін желідегі парақшаларында өмір салты мен психологияны жиі насихаттайтын блогер Айжұлдыз Адайбекованың да 1 миллион 200 мың оқырманы бар. Жолдаған прайс-лист мәліметіне сүйеніп, қымбат блогерлердің қатарына жатқызуға болатынын түсіндік. 

“Instagram желісіндегі бір сторис құны – 1 миллион 100 мың теңге. Парақшаға пост жариялау – 3 миллион 200 мың. Видео жүктеу – 3 миллион 200 мың. Тұтынушымен бірігіп видео түсіру құны – 3 миллион 800 мың”, – делінген мәліметте.

Алайда блогер құмар ойын мен нумерологиялық кеңес және көлік ойнату ұтыстарын жарнамаламайтынын ескерткен. 

Сондай-ақ отбасылық өмір мен бала күтіміне қатысты жазбаларын бөлісіп отыратын блогер Айгерім Абдуллаева да жарнама құны қымбат желі жұлдыздарының көшін бастап тұр.  

“Егер Instagram желісінде пост жариялағыңыз келсе 3 миллион теңге болады. Видео Reels – 3 миллион 500 мың теңге. Бір сторис құны – 500 мың. Бірнеше сторис салғыңыз келсе – 1 миллион  500 мың теңге төлейсіз”, – деді блогердің көмекшісі.   

Жақында ғана 60 миллион теңге жұмсап туған күнін тойлаған блогер Дариға Нүкееваға  жарнама жасатқыңыз келсе екі миллион теңгеден асатын ақшаңыз болғаны абзал. 

“Instagram-дағы жеке парақшасында пост жариялау – 2 миллион теңге. Reels құны – 2 миллион 500 мың. Бір сторис – 800 мың. Үш-төрт сторис құны – 1 миллион 800 мың теңге”, – деп жауап берді блогердің менеджері. 

Таяуда ғана ана атанып, декреттік демалысқа шыққан блогер Мерей Абилова да әріптестері секілді миллион теңгеден жоғары сомаға жарнама жасайтыны белгілі болды. 

“Instagram желісіндегі парақшасында жазба жариялау – 4 миллион 500 мың. Reels – 5 миллион 500 мың. Бір сторис құны – 1 миллион теңге. Ал үш сторис 2 миллион 500 мың теңге”, – деп жауап берді блогердің көмекшісі. 

“Қалаулым” бағдарламасы арқылы танымал болған блогер Елшін Жанеркенің де жарнама құны бір миллион теңгеден асады екен. 

“Тауар немесе бренд жарнамалау үшін түсірілетін бір сторис құны – 300 мың теңге. 4 немесе 6 сторис түсіру – 800 мың теңге. Пост жариялау – 800 мың теңге. Reels құны – 1 миллион 200 мың теңге. Видеоға тағы сторис түсіргіңіз келсе – 2 миллион теңге. Тауарды тікелей эфирде жарнамалау – 700 мың теңге. Кейде Жанеркені түрлі бизнестің ашылу салтанатына шақырып, лента қиюын өтінеді. Оның бағасы – 1 миллион 500 мың теңге. Осы сомаға жарнамасын да жасап береді”, – деп жауап берді блогердің көмекшісі.  

Жақында интимді видеоға қатысты елдің сынына ұшыраған блогер Сабина Мовлаеваның да прайс-листін сұрап көрген едік. 

“Төрт сторис – 700 мың теңге. Модель болу – 380 мың. Бренд амбассадор – 3 миллион 800 мың теңге. Бұл сомаға жарнамаға қатыстының бәрі кіреді. TikTok-қа пост жариялаймыз. 12 сторис саламыз. Таргетке жібереміз. Reels түсіреміз. Кейде корпоратив кештерінде ән айтады. Ал TikTok-қа пост салу – 1 миллион 200 мың теңге. Reels видео – 1 миллион 300 мың”, – делінген прайс-листте. 

Еске салайық, әнші Төреғали Төреәлінің жарнамасына сеніп, DOSTAR DELUXE тұрғын үй кешенінен үй алмақ болған бір топ тұрғын алданып қалғанын жазған едік. Өнер иесі жарнамалағаны үшін екі бөлмелі пәтер иеленген. 

Талқылау