БҚО-да Деркүл өзеніндегі су мөлшері көтеріліп, қауіп деңгейіне жетті
"Қазгидромет" соңғы тәулікте Тасқала ауданының орталығы Деркүл өзеніндегі су деңгейі 117 сантиметрге артып, 516 сантиметрге жеткенін мәлімдеді. Осылайша, су деңгейі қауіпті белгіге жақындады. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Фото: inform.kz
Сонымен қатар Бәйтерек ауданы Зеленое ауылындағы Деркүл өзенінде су деңгейі 304 сантиметр (+54 см, қауіптілік белгісі 450 см), Белесте 431 сантиметр (+130 см, қауіптілік белгісі 600-650 см) болды.
Тасқала ауданында Шежін-2 өзенінде су деңгейі 801 сантиметрге (+86 см) жетті. Бұл қауіп деңгейінен, яғни 780 сантиметрден асып кетті. Ал Шежін-1 өзеніндегі су деңгейі 462 сантимет (+16 см, қауіпті белгі 646 см) болды.
Жайық өзеніндегі су деңгейі Бөрлі ауданы Жарсуат ауылындағы су бөгеті аймағында 258 сантиметр (+3 см), Бәйтерек ауданы Январцево ауданында 261 см (+16 см, қауіптілік белгісі 1000 см), Орал қаласында — 148 см (+189 см) болды.
Облыстың оңтүстік аймақтарын басып өтетін Қараөзен мен Сарыөзен өзендері де көтеріліп жатыр. Қазталов ауданындағы Қайыңды ауылында Қараөзен өзенінде су деңгейі 505 сантиметр (+28 см, қауіптілік белгісі 1700 см), Жалпақтал ауылында 618 сантиметр (+10 см, қауіптілік белгісі 790-820 см), Қошанкөл ауылы Сарыөзен өзенінде су деңгейі 420 сантиметр (+30 см. Қауіп деңгейі – 1200-1300 см).
Сондай-ақ Оралда еріген қар суынан туындаған су тасқынына байланысты тұрғындардан келіп түсетін қоңыраулар саны да өскен. Осыған байланысты облыстағы кейбір жолдарда көлік қозғалысына шектеулер енгізілді.
Айта кетейік, бұған дейін 8 облыс су тасу қаупі жоғары аймақтар қатарына кіргені туралы жазған едік.