Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

БҚО әкімі Орал тұрғындарына 120 жаңа пәтердің кілтін табыс етті

Батыс Қазақстан облысының әкімі Нариман Төреғалиев Наурыз мерекесі қарсаңында Орал қаласының тұрғындарына 120 жаңа пәтердің кілтін табыстады. Салтанатты рәсім тұрғын үй инфрақұрылымы қарқынды дамып келе жатқан "Ақжайық" шағын ауданында өтті.

Жаңа қоныс иелерін  құттықтай отырып, әкім азаматтарды қолжетімді баспанамен қамтамасыз ету Мемлекет Басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев қойған негізгі міндеттердің бірі екенін атап өтті. 

Қазіргі таңда Батыс Қазақстан облысында бұл бағытта жүйелі жұмыстар жүргізілуде. 2024 жылы Орал қаласында бюджет есебінен 628 пәтерлік бес көпқабатты тұрғын үй пайдалануға берілді, ал ауылдық жерлерде 805 тұрғын үй сатып алынып, тұрғындарға табысталды. Сондай-ақ, су тасқынынан зардап шеккендер үшін 900 үй салынып, 2 мыңнан астам пәтер сатып алынды.

Биыл 19 көпқабатты тұрғын үйдің құрылысын аяқтау жоспарлануда, бұл тағы 950 отбасыны баспанамен қамтамасыз етеді.. Бұдан бөлек, республикалық бюджет есебінен әлеуметтік осал топтағы азаматтар үшін 205 пәтер сатып алу көзделіп отыр.

“Бүгін "Ақжайық" шағын ауданында 120 пәтерлік жаңа үйді пайдалануға беріп жатырмыз. Бұл Наурыз мейрамы қарсаңында жерлестеріміз үшін үлкен қуаныш. Мұнда барлығы 25 көпқабатты тұрғын үй салу жоспарлануда. Жалпы, жыл соңына дейін бюджет қаражаты есебінен 1500-ден астам пәтерді пайдалануға беру жоспарлануда. Қазіргі уақытта оның сегізінің құрылысы аяқталды. Сондай-ақ үйлері қауіпті деп танылған тұрғындарға 180 пәтер сатып аламыз", – деді Нариман Төреғалиев.

Жаңа қоныс иелерінің бірі Гүлзира Тұртаева өз әсерімен бөлісіп, мемлекеттік қолдаудың маңыздылығын атап өтті.

"Бүгін – біздің отбасымыз үшін ерекше күн, себебі біз өз баспанамызға ие болдық. Бұл – біз көптен күткен арманымыз еді. Азаматтарға осындай мүмкіндік жасап отырған Президент Қасым-Жомарт Кемелұлына алғысымыз шексіз", – деді ол.

Айта кетейік, "Ақжайық" шағын ауданы қарқынды дамып келеді. Мұнда білім беру, денсаулық сақтау, мәдениет және спорт нысандарын салу жоспарланған.

2024 жылдың соңында 150 орындық заманауи оңалту орталығы пайдалануға берілді, ал алдағы уақытта халықтың өмір сапасын арттыруға бағытталған жаңа әлеуметтік маңызы бар нысандардың құрылысы қолға алынбақ.

Талқылау