Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Вейпке тыйым салып, темекі бизнесін қорғап отырсыз ба – Министр Ғиният сұраққа жауап берді

Денсаулық сақтау министрі Ажар Ғиният вейпке енгізілетін шектеу, не себепті темекіге салынбайтынын түсіндіріп берді.  Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Мәжіліс кулуарында бас дәрігер қоғамда қызу талқыға түскен вейпке тыйым салуға қатысты журналистердің сұрағына жауап берді. Ажар Ғинияттан БАҚ өкілдері "Вейпке толықтай тыйым салынса, осыған әуестенген жастар темекі шегіп  кетпей ме? Министрлік темекі бизнесімен айналысатын кәіпкерлердің мүддесін қорғап кеткен жоқ па?” – деп сұрады. 

Ажар Ғиният кәмелетке толмаған балаларға темекі сатылмайтынын, оған қатаң тыйым салынғандығын айтты. 

“Ересек адамдар олар өздері үшін шешім қабылдай алады. Дегенмен үлкендерге де біз ескерту жасап жатырмыз. Өздеріңіз білесіздер, ТМД елдерінің ішінде біз темекі қорабының сыртына оның денсаулыққа қаншалықты зиян екенін жазып, тіпті қатерлі ісікке дейін әкеп соқтыратыны туралы ескертулерді бірінші болып жазған болатынбыз. Мұның барлығы ескертулер”, – деді министр.

Бас дәрігер балалар көп нәрсені түсінбегендіктен, олар үшін қатаң тыйым енгізілетінін жеткізді. 

"Вейптерге қатысты айтар болсам, біздің министрлік жазалайтын не болмаса, бақылайтын орган емес. Сіздер кальянға енгізілген тыйым сияқты ішінара шектеу неге енгізілмейді деп отырсыздар. Бірақ бізде шектеуге қарамастан кей нормалар шын мәнінде жүзеге аспай жатыр. Ал вейптерге қатысты бүгінде барлық әлем елдерінің тәжірибе жасап қорытынды шығарып қойған. Онда вейпті шеккен балалардың денсаулығына айтарлықтай зиян келетіні нақтылап айтылған. Оның химиялық құрамы жеткіншектердің өкпесін зақымдайды. Вейптің құрамында әлі зерттеліп үлгермеген химиялық қоспалар бар”, – деді  ведомство басшысы Ажар Ғиният. 

Еске салайық, бұған дейін мәжіліс төрағасы Ерлан Қошанов Қазақстанда вейп пен электронды темекінің айналымына тыйым салу туралы шешім шығаруды талап еткен болатын. 

 

Талқылау