Біз де ауырғанбыз: Отандық жұлдыздар тыңдармандарына мінез көрсеткен кездерін еске алды
Бүгінде Төреғалидің ерсі қылығын көрген көпшілік «жұлдыз ауруын» жұқтырды деп топшылап жатыр. Алайда, мұндай жағдай отандық шоу-бизнестегі өзге өнерпаздардың да басынан айналып өтпеген. Аталмыш дертке шалдыққан шағын еске алғандардың алғашқысы Мөлдір Әуелбекова. Stan.kz тілшісіне эксклюзивті сұхбат берген әнші, осыдан бірнеше жыл бұрын болған жайдың барлығын еш бүкпесіз баяндап берді.
«Мен «ой, мен жұлдыз ауруымен ауырған емеспін» – деген кейбір әріптестерімді түсіне алмаймын. Бірақ әркімде әрқалай өтеді. Егер адамның бойында бір түйір иман болса, сол ауруды жеңуге, төтеп беруге болады. Мен мысалы 18 жасымда «Super Star Kz» жобасына қатысқан кезімде, біз финалистер Қазақстанға гастрөлдік сапарға шықтық. Ол кезде «Super Star Kz» сияқты ауқымды жобалар болған жоқ еді. Қаншама миллиондаған телекөрермендер көрді. Біздер стандиондарда 10-12 мың адамды жинап, концерт бердік. Ол кезде жаспыз ғой. Сол кезде «Super Star Kz» жобасына қатысқандардың барлығы «жұлдыз сырқатына» шалдықтық. Тәкәппарлық, адам менсінбеушілік, басқадан өзіңді жоғары санап, сондай кезеңдерден өтті. Мен оны мойындаймын», – дейді Әуелбекова.
Сондай-ақ, Мөлдір Төреғалидың басынан өткен келеңсіз жайт әлеуметтік желілердің дамыған заманына тұспа-тұс келгенін де жасырмайды. Кезінде Әуелбекова «жұлдыз сырқатына» шалдыққан сәтте ғаламтор трендте болмаған еді.
«Ол кезде қазіргідей инстаграм желісі болған жоқ. WhatsApp болған жоқ. Сол кезде көрермендер суретке түскісі келсе, «Ойй, түспеймін суретке, түскім келіп тұрған жоқ» – деген қылықтарымыз болды. Соны қазір қайталайтын болсақ, инстаграмға түсіріп, сол мезетте таратып жіберетін еді. Мен қайта сол кезде содан өтіп алғаныма қуаныштымын. Егер қазіргі таңда мен «жұлдыз ауруымен» ауырсам, маған ауыр тиетін еді. Ол кезде рейтинг қуалайтын бағдарламалар да болған жоқ. Қазір керісінше қара пиар көп септігін тигізіп жатқандықтан, әншілер соған жүгініп жатады», – дейді «KeshYOU» тобының экс-әншісі.
Кезінде өзінің тарапынан кеткен қателіктерді Мөлдір өзі продюсерлік ететін қыздар тобы қайталамаса деген ниетте. Сондықтан бұл тақырыпты «Назар» ұжымындағы аруларының құлағына бүгіннен бастап сіңіріп жатыр.
«Бастапқы бірінші күннен бастап «жұлдыз ауруы» туралы қыздарға түсіндіруге тырысып жатырмын. Бірақ менің қыздарым да ол этаптан өтетін болады. Мен оны білемін. Егер Құдай қалап, шынайы халықтың көңілінен шығып, сүйіспеншілігіне бөленіп жатса, міндетті түрде «жұлдыз ауруынан» өтеді. Өйткені мен білемін, біздің де кезінде басымыздан өткен. Қыздарға өзімнің басымнан өткен түрлі оқиғаларды айтып отырамын», – дейді Мөлдір.
Мөлдір өз қателігін мойындады. Мұндай жағдай кезінде Ернар Айдар пен Нұржан Керменбаевтың да басынан өткен. Қос әнші атағы аспандап тұрған шақта тыңдармандарының талай мәрте көңілін қалдырған екен.
«Көрермендерімді ренжіткен сәттерім болды. Кейіннен кешірім сұрап, барынша суретке түсуге тырысамын. Себебі мен жас болғандықтан кейбір нәрселерді ойламай қалуым мүмкін. Жастықпен қателескен кездер болғаны рас», – дейді Ернар Айдар.
«Бір мезетте танымал болып кеткен де дұрыс емес. Бір әнің хит болған кезде өзің бір не істеріңді білмей қаласың. Өз-өзіңді қалай ұстарыңды білмей қаласың деген сияқты. Ол да бір пендешілік. Жұлдыз ауруы бар. Өзің ауада қалқып, еш нәрсе түсінбей, айналам не болып кетті дегендей болады. Ол да бір сынақ қой енді», – дейді Нұржан Керменбаев.
Ескерту! Материалды көшіріп басуға қатаң түрде тыйым салынады.
Құрметті оқырман! Бізбен бөлісетін қызықты жаңалығыңыз, оқиғаңыз болса Stan.kz сайтының WhatsApp номеріне жолдаңыз: +77021152981
Жіберіп алмаңыз:
Төреғали Төреәлі қажылыққа аттанды
Сәкен Майғазиев: Көлігімді сатпаймын, концертіме демеушілер табылды
Қайрат Нұртастың әкесі: Құдай маған екі келінімді өз балаларымнан артық етіп берген
Ерсі әрекеті үшін халқынан кешірім сұраған Төреғали «Қатемді кешіріңдер» деп ән арнады (видео)