Бишімбаев қандай жағдайда өмір бойына бас бостандығынан айырылады: Жоғарғы сот жауап берді
Жоғарғы сот әйелі Салтанат Нүкенованы өлтірді деп айыпталған бұрынғы экономика министрі Қуандық Бишімбаев қандай жағдайда өмір бойына бас бостандығынан айырылуы мүмкін екенін айтты. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Фото: t.me/Jogargy_sot
Бишімбаевқа қылмыстық кодексінің екі бабы "аса қатыгездікпен жасалған кісі өлтіру" және "азаптау" бойынша айып тағылған. Бірінші бап бойынша ең төменгі жаза – 15 жылға бас бостандығынан айыру, ең жоғарғысы – өмір бойына бас бостандығынан айыру жазасы.
Қылмыстық істі алқабилер соты қарап жатыр. Бишімбаевқа қатысты шешімді 10 алқаби мен судья шығарады. Сотталушыны кінәлі деп тану (немесе ақтау) үшін бес алқаби мен судья шешімді жақтап дауыс беруі керек. Алайда, сотталушыны 15 жылдан асатын мерзімге соттау үшін көбірек дауыс қажет.
"15 жылдан астам мерзімге бас бостандығынан айыру түріндегі жаза тағайындалуы үшін шешімге сегіз немесе одан да көп дауыс беруші (соның ішінде судья) жақтап дауыс беруі қажет", – делінген жоғарғы сот хабарламасында.
Сондай-ақ жоғарғы сот сотталушыға қандай жағдайда өмір бойына бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалуы мүмкін екенін айтты.
“Өмір бойына бас бостандығынан айыру жазасы тек судья мен алқабилердің бірауыздан шешімі болған жағдайда ғана тағайындалуы мүмкін", – делінген жоғарғы сот жауабында.
Еске салсақ, әйелі Салтанат Нүкенованы өлтірді деген күдікпен ұсталған бұрынғы ұлттық экономика министрі Қуандық Бишімбаевқа сот отырысы жалғасып жатыр. Бұған дейін сотта Салтанат Нүкенованы мейрамхананың дәлізінде ұрып-соғып жатқаны түсірілген видео көрсетілгені туралы жазған едік.