Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Біреу итеріп жіберген": Ақтөбеде үшінші қабаттан құлаған 22 жастағы келіншектің жақындары оның өзіне қол салғанына сенбейді

Ақтөбеде 22 жастағы келіншек үшінші қабаттан құлап кеткен. Ол өзіне қол салмақ болған дегенімен, туыстары бір баласы бар әйел мұндайға барды дегенге сенбей отыр. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі КТК арнасына сілтеме жасап хабарлайды. 

Видеодан скриншот

Ақтөбелік келіншекті біреулер биіктен секіруге мәжбүрлеген немесе біреулер итеріп жіберген дейді жақындары. Мұны оқиға куәгерлері де растады.

Қазір үшінші қабаттан құлаған науқас ауруханада жатыр. Ол әзірге оқиғаның қалай болғанын тергеушілерге айтып бере алмапты.

22 жастағы Анна Галинко үшінші қабаттағы терезеден секіріпті. Ата-анасы ол өздігімен секірген жоқ деп отыр. Сол күні түн жарымда үйдегілерге хабарласып, такси шақыртып беруді сұрапты. Артынша тек дыбыссыз аудио жазбалар жіберіп отырған. 

“Оның үш жастағы баласы бар. Өз өмірін қиып, өздігінен биіктен секіретін адам емес. Қасында болған танысы бұрын сотталған. Жерде қансырап жатқанда, "мен тағы сотталып кетемін, ештеңе айтпа" депті. Куә бар”, – дейді Ақтөбе қаласының тұрғыны Елена Галинко.

Куәгерлер Аннаның осы үйге танысымен кешкі сағат жетілерде келгенін айтады. Түнделетіп пәтерге тағы бір еркек кірген. Келіншек құлағанда бірі жанында қалып, екіншісі қашып кетіпті.

“Түнде терезе алдына биіктен құлаған нәрседен шошып кеттім. Жоғарыдағы терезені біреу қатты жауып жатты. Жерде келіншек қансырап жатқан кезде танысы жедел жәрдем шақырмады. Бұл суицидке ұқсамайды. Мен бірден жедел жәрдем мен полицияға хабар бердім. Ана жігіт жалынып отырды. Құлаған қыз "не үшін, не үшін?" деп оған өкпесін айтумен болды”, – деді куәгер.

Келіншектің қасында болған екі адам қазір тергеліп жатыр. Осы оқиғаға қатысты іс қозғалған.

“Галинконың үшінші қабаттан құлау дерегі Қылмыстық кодекстің 105-бабына сәйкес, яғни кісі өлтіруге дейін жеткізу бойынша полициямен сотқа дейінгі тергеп-тексеру басталды. Осы оқиғаға қатысы бар деген тұлғалардың барлығы анықталды және полиция бөліміне жеткізілді”, – деп мәлімдеді Ақтөбе облысы ПД басқарма бастығы Әсет Қалиев.

Тәртіп сақшылары келіншектің биіктен өзі құлағанын не мәжбүрлегенін сараптамадан соң нақты айтамыз деп отыр.

22 жастағы тұрғын аман қалды. Жамбасы, білек сүйектері сынған. Ота жасалып, бір күн жансақтау бөлімінде жатты. Енді ғана тілге келе бастапты.

Еске салсақ, бұған дейін Ақтөбеде 19 жастағы қызды танысы зорлап, жетінші қабаттан құлатып жібергені айтылды.

Талқылау