Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

26.06.2026: Ерекше датада некесін қиғысы келген қазақстандықтар ұзын-сонар кезекке тұрды

некеге кезек
Фото: Видеодан скриншот

26.06.26 датасында қазақстандықтар жаппай неке қиды. "Азаматтарға арналған үкімет" мемлекеттік корпорациясы осы күні некелесу үшін 4 мыңнан астам өтініш түскенін мәлімдеді. Бұл күні некелесу бойынша алматылық жастар көш бастап тұр. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Желіде әдемі датада некелескісі келіп, сол күнді арнайы таңдайтын жұптар талқыға түсті. Қарағанды тұрғыны некені тіркеу үшін ұзын-сонар кезек болғанын көрсетті. 

“Қарағанды 26.06.26. Бәрі әдемі датада некеге тұрғысы келеді”, – деді тұрғын.

Желі қолданушылары бұл үрдіске түрлі ой білдірді.

“Бастысы ажырасу үшін осындай кезек болмасын”, “Әдемі өмір емес, әдемі сан мен датаға ұмтылу”, “24.04.24 кезінде де кезек болған еді. Біз сол кезде неке қиғанбыз”, – деп жазды желідегілер. 

26.06.2026 күніне некені мемлекеттік тіркеуге өтініш қабылдау 11 маусымда аяқталған. 

"Азаматтарға арналған үкімет" мемлекеттік корпорациясының дерегінше, еліміздің үш ірі мегаполисінде сол күнге сұраныс артты:

  • Алматы қаласы – 830 өтініш;
  • Астана қаласы – 740 өтініш;
  • Шымкент қаласы – 141 өтініш.

Республикалық маңызы бар қалалардан кейін ең көп өтініш Қостанай облысынан түскен – 300 жұп. Одан кейін Шығыс Қазақстан облысы252 жұп, Павлодар облысы237 жұп.

Ал бұл датада үйленуге ниет білдіргендер ең аз тіркелген өңір – Ұлытау облысы. Мұнда 49 жұп некесін қидырмақ.

 

 

 

Өтінішті қалай беруге болады?

Некені тіркеуге өтінішті мына тәсілдердің бірі арқылы беруге болады:

  • Жеке барып – ерлі-зайыпты болуға ниет білдірген екі адам бірге еліміздегі кез келген АХАТ бөліміне жүгінеді;
  • Онлайн – eGov.kz порталы арқылы;
  • Телефон арқылы – банк мобильді қосымшаларындағы "Мемлекеттік қызметтер" бөлімі арқылы.

 

Қандай құжаттар қажет?

Неке қиюға өтініш кемінде 15 күн бұрын беріледі. Қызметті АХАТ бөлімшелері, электронды үкімет порталы немесе екінші деңгейлі банктердің мобильді қосымшалары арқылы рәсімдеуге болады. Сондай-ақ жас жұбайлар өз қалауы бойынша салтанатты неке қию рәсімін өткізе алады.

АХАТ бөліміне өтініш берген кезде екі тарап мына құжаттарды ұсынуға тиіс:

  • жеке куәлік (немесе eGov mobile қосымшасындағы цифрлық құжат);
  • мемлекеттік баж салығының төленгенін растайтын түбіртек (жеңілдігі бар азаматтар оны растайтын құжатты ұсынуы қажет);
  • ажырасу туралы анықтама немесе бұрынғы жұбайының қайтыс болғаны туралы куәлік (егер өтініш берушілердің бірі бұған дейін некеде тұрған болса).

 

2026 жылы әлі де бос тұрған әдемі даталар:

26 маусымды үлгермегендер үшін 2026 жылы мына танымал күндерде некеге тұруға мүмкіндік бар:

  • 26.07.2026 (жексенбі);
  • 06.08.2026 (бейсенбі);
  • 26.08.2026 (сәрсенбі);
  • 26.09.2026 (сенбі);
  • 06.10.2026 (сейсенбі);
  • 26.10.2026 (дүйсенбі);
  • 06.11.2026 (жұма);
  • 26.11.2026 (бейсенбі);
  • 26.12.2026 (сенбі).

Болашақ жас жұбайларға өтініш беруді соңғы сәтке қалдырмауға кеңес беріледі. Заңға сәйкес, неке өтініш берілген күннен кейін кемінде 15 күнтізбелік күн өткен соң ғана тіркеледі. 

Қырмызы Скендір
Жұма, 26 Маусым, 2026 14:48