"Бірде-бір дәрігер өз пациентіне өлім тілемейді": Депутат Талғарда дәрігерлерді аяусыз ұру оқиғасына қатысты пікір білдірді
Мәжілістің жалпы отырысында депутат Гүлдара Нұрымова Алматы облысы Талғар қаласында болған келеңсіз оқиғаға қатысты мәселе көтерді. Депутат медицина қызметкерлеріне күш көрсетуге мүлде жол беруге болмайтынын жеткізді. Осыған орай ол дәрігерлердің құқығы мен қауіпсіздігі мәселесін көтеріп, депутаттық сауал жолдады. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Фото: mazhilis_kz / видеодан скриншот
Депутат алдымен талғар аудандық ауруханасындағы оқиғаға қатысты пікір білдірді.
“Кеше Талғар аудандық орталық ауруханасында реанимация бөлімінде реаниматолог-анестезиолог дәрігер мен медбикені қайтыс болған науқастың ұлдары аяусыз ұрды”, - деді ол.
Нұрымова атап өткендей, дәрігерлерге физикалық тұрғыда күш көрсету әрекеттері жиі болып тұрады. Осының салдарынан медицина қызметкерлері жабық ми жарақаттары, мидың ісінуі, жабық сүйек сынықтары сынды өміріне қауіп төндіретін ауыр жарақаттар алып жатыр.
“Мен өзім дәрігер ретінде айта аламын, бірде-бір дәрігер өз пациентіне өлім тілемейді. Бірақ өкініштісі олар күнделікті жұмысында түрлі дөрекілікке, қорлыққа және ашулы туыстардың шабуылына жиі тап болады. Мысалы, Алматы облысының өзінде жедел-жәрдем қызметкерлеріне 12 рет шабуыл жасалған. Оның қасында қаншамасы үнсіз қалып, жұмыстан шығып кетіп жатыр. Ендеше нені күтіп отырмыз? Елімізде медицина қызметкерлеріне пациенттер мен туыстарының зорлық-зомбылық көрсетуі қашаннан бері қалыпты жағдайға айналған?!” деді Гүлдара Нұрымова өз баяндамасында.
Соған байланысты депутат өз ұсынысын жеткізді:
- Талғар ауданында болған заңсыз әрекеттерге әділ баға беріліп, кінәлілер заң қатаңдығы бойынша жазалануы тиіс;
- Денсаулық сақтау министрлігі қоғамда медицина қызметкерлерін қорлауға дейін жеткізбес үшін түсіндіру жұмыстарын ұйымдастыруы керек;
- "Медицина қызметкерлерінің мәртебесі туралы" Заңды қабылдайтын кез келді, оны бірлесіп қолға алуымыз керек деп есептейміз;