Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Бір жылға дейін жақындаспадық": Әмеңгерлік салтымен тұрмысқа шыққан қызылордалық апа тағдырымен бөлісті

Қазақ халқында ежелден сақталып келе жатқан салт-дәстүрлер жетерлік. Солардың бірі - әмеңгерлік. Бұл салттың мақсаты - ерінен ерте айырылған жесірді күйеуінің жақын туысына айттырып, қайғыдан қан жұтқан жанға қолдау көрсету. Әрине, қазіргі кезде бұл салтты сақтанып жатқан адамдар мүлдем жоқ десек болады. Stan.kz сайтының тілшісі осыдан 35 жыл бұрын қайнысына ұзатылған оңтүстік өңірдің тұрғыны Бибіажар Асановамен сұхбаттасқан еді. Бүгінде жасы 60-тан асқан ақ самайлы апа өзінің тағдырымен бөлісті.

Иллюстратив

Бибіажар әжей 19 жасында тұрмысқа шыққан. Күйеуі алып қашып, үлкен шаңыраққа келін болып түскен екен. Бастапқыда жаңа отбасына біршама уақыт үйренісе алмай жүріпті. Алайда енесінің арқасында келіндік міндеттерін абыроймен атқаруды үйреніп, үлкен әулетке сіңісіп кеткен. Күйеуінің анасы өте көрегенді әрі ақылды кісі болған. Уақыт өте келе, Бибіажар апа екі баланы дүниеге әкеліп, аяулы ана атанған. Алайда жас отбасының төбесіне қара бұлт үйіріліп, аяқ астынан қайғылы қаза орын алған. 

"Менің жасым жиырма алтыдан асқан кезде күйеуім қайтыс болды. Қарапайым ішек ауруынан көз жұмды. Уақытында дәрігерлер көмек көрсете алмағаннан, сырқаты асқынып кеткен ғой. Әп-сәтте жесір атанып қалдым. Қолымда екі балам бар еді. Ол кезде біз үлкен үйден несібемізді алып, бөлек шығып кеткен кезіміз. Азаматым мал шаруашылығымен айналысатын. Мен үйдегі адаммын, балаларым әлі кішкентай болатын. Қайғыдан қан жұттым, болашағым бұлыңғыр болып көрінді. Бәрінен бұрын балаларымның жағдайы алаңдатты", - дейді кейуана. 

Күйеуі қайтыс болғаннан кейін Бибіажар ананың тұрмысы да нашарлап кетіпті. Малға қарайтын адам табылмай, ерінің жинаған дүниесі қараусыз қалған. Балалары да жетімдіктің әсерінен аурушаң болған. Атасы мен енесі жесір қалған келіндеріне қолдау білдіріп, шеттетпеуге тырысқан екен. Азаматының жылдық асынан кейін енесі келініне күтпеген жерден ұсынысын айтыпты. 

"Енемнің айтқан сөздері әлі есімде. Күйеуімнің нағашы інісі болатын. Өзі жасы келсе де үйленбеген жігіт екенін айтты. Әмеңгерлік салтымен екеумізді қосқылары келетінін жеткізді. Басында қарсы болғаным рас. Бірақ қайтыс болған жарымның анасы болашағыңды ойла деді. Өзіме және балаларыма қамқор болатын азамат керек еді. Оның үстіне Абзал табиғатынан өте жұмсақ әрі еңбекқор жан болды. Шешім қабылдауыма біраз уақыт кетті. Дегенмен келісімімді бердім. Екі жақ жиналып, әулеттің үлкендері батасын берді", - дейді Бибіажар әжей. 

Кішігірім тойдан кейін Бибіажар Асанбаева екі ұлын ертіп күйеуінің үйіне көшіп барыпты. Қолынан келгенше еріне құрметін көрсетіп, барлық жағдайын жасауға тырысқан. Үй тіршілігін дөңгелетіп, қайынжұртының алдында абыройлы бола білген. Бұрынғы қайнысы да жарын сыйлап, жанұясының жағдайын жасауда аянбаған. Әйелінің балаларына жылы қабақ танытып, жетімдіктің кесірін көрсетпеген екен. Бүгінде кейуананың жарына деген ризашылығын әңгімесінен-ақ аңғаруға болады. 

"Екінші күйеуім өте адал кісі болды. Балаларыма дауыс көтерген емес. Өз ұлдарымен тең көрді. Оның үстіне марқұм күйеуім екеуі керемет араласып, сыйластықтары ерекше еді. Келін болып түскеннен кейін бір жылға дейін жақындаспай жүрдік. Мен сол кездері бөтен еркектің етегімді түргенін қаламайтынымды сезсе керек. Кейін отбасы болғандықтан, шынайы серігіме айналды. Ол мені үнемі қолдап-қорғап жүретін. Жесірліктің зардабын көрген емеспін", - деп ағынан жарылды кейіпкеріміз. 

Бибіажар әжей жас кезінде көп бейнет көрген жан. Үйдің тіршілігімен қатар, сырттың да жұмысын бірдей атқарған. Күйеуімен бірге мал бағып, егін еккен. Екінші азаматынан үш бала туып, көзге көрінген қуаныштарын аяққа тұрғызу үшін аянбай тер төккен кейуана. Бүгінде бейнетінің зейнетін көріп отыр. Балалары қоғамға сыйлы азаматтар. Халықтың жағдайын жақсарту мақсатында қызмет жасап жүрген ұл-қыздары бар. Немере сүйіп отырған бақытты әже. 

"Қарап отырсам, қазақтың әрбір салт-дәстүрінің өзіндік мәні бар. Оның ішінде әмеңгерліктің орны ерекше. Әйелге жесірліктің, балаға жетімдікті көрсетпеу үшін сақталады. Егер де мен енемнің ұсынысын қабылдамағанымда тағдырымның қалай болатынын кім білсін. Абзалыма ерекше рахмет, ол менің арқасүйер азаматым бола білді. Өкінішке орай, осыдан екі жыл бұрын 72 жасында бақилық болды. Өмірге өкпесі жоқ кісі еді. Балаларыма қамқор әрі жанашыр әке болды", - деп әңгімесін аяқтады Бибіажар апа. 

 

 

Талқылау